Сақшылардың көмегінің нәтижесінде Литвадан келе жатқан гүлдер тапсырушыларға уақытында жетті

Сақшылардың көмегінің нәтижесінде Литвадан келе жатқан гүлдер тапсырушыларға уақытында жетті

Литвадан келе жатқан гүл тиелген автокөлік Солтүстік Қазақстан облысының жолында сынып қалды. Жүріп кету үшін DAF жүк көлігінің жүргізушісіне полицейлердің көмегі қажет болды. «Автожолды патрульдеу кезінде шамамен кешкі сағат 8-де тоқтап тұрған көлікті анықтадық. Бұндай жағдайларда тоқтап қалған көліктің басқа жол қозғалысы қатысушыларына қауіп төндірмей тұрғанына көз жеткізу қажет. Жүргізуші көлігінің антифризі ағып кеткендіктен, көмек қажет екенін айтты. Ауа температурасы минус 32 градус еді», - деді СҚО Полиция департаменті патрульдік полиция батальонының инспекторы Асхат Бақытжанов. Полицейлер қажетті сұйықтықты әкеліп, олардың Саумалкөл ауылында күзетілетін аумақта тоқтауын ұйымдастырды. Келесі күні ауыр жүк көлігінің жүргізушісі мен жолаушысы көлікті жөндеуден өткізу үшін Көкшетау қаласына жол тартты. Риза болған шетелдіктер солтүстікқазақстандық полицейлерге қоңырау шалып, гүлдерді жеткізгендерін айтты. Райхан, раушан мен хризантема гүлдері, басқа да өсімдіктер гүл мамандарына дер кезінде жеткізілген екен. Түнде жолыққан жолаушылардың аман-есен жеткендеріне көз жеткізген полиция капитаны Саят Тілеген және полиция лейтенанты Асхат Бақытжанов кезекшіліктерін тапсырды.

Солтүстік Қазақстан облысында күн райының жылынуы күтілуде. Дей тұрғанымен, полицейлер жүргізушілерді қыста жолға шыққан кезде аса сақ болуға шақырады. Алыс жолға шыққанда, ауа райына байланысты орын алатын келеңсіз жағдайлар кезінде қажет болатын заттарды алып жүру қажет.