Жаңажылдық демалыстардағы қақаған аязды күндерден кейін солтүстікқазақстандықтардың пабликтері мен чаттарында жүргізушілер мен полицейлер арасындағы өзара іс-әрекеттерден көріністер жиіледі. Учаскелік инспекторлар мен патрульдер медицина және өзге де төтенше жағдайлар қызметкерлерімен бірге шұғыл көмек қажет жерлерден табылуда. Адамдардың пікірінше – олар жұмыстарын тиісті деңгейде атқаруда.
Облыстық полицияның Instagram аккаунтына Нұр-Сұлтан қаласынан хат келіп түсті. Астана тұрғыны Уәлиханов ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Алмас Сұлтановқа және Қулыкөл ауылының төрт тұрғынына ризашылығын білдірген. 5 қаңтар ауылдықтар учаскелік полиция инспекторының басшылығымен түнгі далада қатып қала жаздаған күйеуіне көмек көрсеткен.
... 5 қаңтарға қараған түні Нұр-Сұлтан қаласының жүргізушісі Нұрбол Ақбаев «Газель» автокөлігімен кезекті рейсінен үйіне қайтып бара жатқан. «Павлодар облысының Бұланбай ауылы – Нұр-Сұлтан қаласы» бағыты СҚО Уәлиханов ауданы арқылы өтеді. Сағат таңғы бестер шамасында жанар-жағармай жүйесінің істен шығуына байланысты көлік тоқтап қалған. Жолда жан адам жоқ, ұялы байланыста жоқ, қаһарына мінген аяз жағдайды ушықтыра түскен, оның үстіне кабина есігінің тұтқасы сынып қалған. Нәтижесінде 36 жасар жүргізуші жылынудың қамын жасап, машинаны айнала жүгірген, қосалқы доңғалағын жаққан... Тек түске қарай ғана оны ауылдықтар Қулыкөлге жеткізіп, учаскелік полиция инспекторы Алмас Сұлтановқа табыстаған. Учаскелік инспектордың сөзінше, олар бірден жүргізушімен жылы «Нива» автокөлігіне отырып, ауылдан 20 шақырым қашық жерде сынып қалған «Газельге» келген. Кейін машинаны трактормен ауылға сүйреп әкеп, шаруа қожалығының жылы боксына қойған. «Сынған көлікті жөндеуге, жүргізушінің жылынуына және тынығуына жағдай жасаған ШҚ басшысы Саян Мүбараковқа, ауыл тұрғындары Айбек пен Ноян Жұмабековтерге, сондай-ақ Ғаділет Қайырбаевқа алғыс білдіргім келеді», - дейді полиция капитаны Алмас Сұлтанов. Ертеңіне «Газель» автомашинасы жөнделіп, учаскелік инспектор Нұрбол Ақбаев жолға шығарып салды, ал кешкісін Нұр-Сұлтан қаласына, үйіне аман-есен оралғандығын айтып, жүргізушісі хабарласты.
... Келесі күні ұқсас жағдай Аққайың ауданында орын алды. Ол жайлы полиция аккаунтының direct бөліміне қолданушы Қайрат Қайыржанов жазған. Ер адам жолда көрсеткен көмегі үшін Аққайың ауданының ПБ учаскелік полиция инспекторы Әсет Ризыхановқа қысқаша шынайы ризашылығын білдірген. Астраханка ауылынан бірнеше шақырым жерде, ауа температурасы минус 33 кезінде, ішінде жүргізушімен бірге үш жолаушысы бар Peugeot автомашинасы сынып қалған. Учаскелік инспектор оқиға орнына жедел жетіп, жолаушыларды қызметтік көлікте жылытып, Петропавлға отырғызып жіберген. Кейін Peugeot көлігін Қызылжар ауданының шекарасына дейін буксирлеп, тосып тұрған жүргізушінінің таныстарына табыстаған.
СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Қанат Айтбаевтың айтуынша, өңірдің қала сыртындағы жолдарында күн сайын патрульдік полицияның 15 экипажы кезекшілік атқарады. Дегенмен, полицейлер мен құтқарушылар аязды, боранды күндері, әсіресе балалармен, алыс жолға шығудан бас тартуды кезекті рет ескертеді.
