
СҚО полициясың арнайы мұрағатында 1930-50 жылдары заңсыз сотталған солтүстікқазақстандықтарға қатысты 5364 қылмыстық іс және бұрынғы кеңестік әскери тұтқындарға қатысты сұрыптау материалдары сақталған. Олардың ұрпақтары мәліметтер алу үшін жүгіне алады.
Польша тұрғыны екі жыл ішінде СҚО полициясының арнайы мұрағатына үш сұрау жолдаған. Бұрынғы отандасымыз, этникалык неміс Лилия Нельде әулет тарихын қалпына келтірумен айналысып жатқан екен. Отбасы тарихының парақтарын күңгір тартқан: 1936- 37 жылдары оның жеті бірдей туысы қуғын-сүргінге ұшыраған. Колхоз фермасының жетекшісі Эдуард Ульрих атылған. «Колос» колхозының төрағасы Фёдор Нельде, колхозшылар Христиан, Карл, Роберт пен Густав және Ульрихтың жұбайы Мария 10 жылға бас бостандықтарынан айыру жазаларына кесілген.
Асыл тұқымды айғырдың өлімі трагедияға себепші болды. Іс материалдарында ветеринардың жануарларды жақсы күтіп-баптады деген қорытындысы болғанымен, айғыр «арам ниетпен азапталды» деп жазылған. Осыдан кейін айыптауда: кеңес үкіметіне қарсы әрекет жасады, фашистік үгіт жүргізумен айналысқан контрреволюциялық ұйым құрды және колхозшылар арасында ұлттық алауыздық тудырды деген, сол жылдарға тән қорытынды жасалды.
«Сайып келгенде, отбасымыздың өткенін тереңінен зерделеуге кіріскен Мәскеуде тұратын жиеніме көмектесіп жатырмын – деді Лилия Александровна. – Өзімде де қатыгез қуғын-сүргін жылдары туралы айтарлықтай материал жинастырылған. Әкемнің де, анамның жағынан да зардап шеккендер бар. Қазақстандық заңнамаға сәйкес танысуға жататын барлық мәліметтерді жіберіп, материалдарды сұрыптау бойынша ауқымды жұмыс жүргізген мұрағат қызметкерлеріне зор ризашылығымды білдіремін».
СҚО ПД арнайы мемлекеттік мұрағатының бас маманы полиция майоры Эльмира Валиулина қуғын-сүргінге ұшырағандардың туыстарына процессуалдық емес сипаттағы материалдар ұсынылатынын еске салады. Олар құжаттар мен архивтік анықтамалардың, сондай-ақ істе бар болған жағдайда, қуғын-сүргінге ұшырағандардың жеке құжаттарының көшірмелерін алуға болады. Арнайы мұрағатқа жүгіну тәртібі туралы барлық сұрақтар бойынша Петропавлда мына телефондар арқылы ақыл-кеңес алуға болады: (8-715-2) 39-41-58, 39-41-40. ҰҚКД архивтік қорынан деректер тапсырылған кездегі 6 жыл ішінде полиция ведомствосында тәртіп сақшылары 215 адамның отбасы тарихын қалпына келтіруге көмегін тигізді.