
Жыл басынан Солтүстік Қазақстан облысында қылмыс жасағаны үшін іздеуде жүрген екі ер адам ұсталды. Олардың біреуін ресейлік полицейлер іздестірген. Петропавлдың жедел уәкілдері «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы шеңберінде ұрлық жасағаны үшін бұрын сотталған 29 жастағы қала тұрғынын ұстады. Ол пробациялық бақылауда бола тұра, сотпен белгіленген шектеулерді бұзған. Бұдан бөлек, оған қатысты басқа қылмыстар бойынша істер қарастырылатын сот отырыстарына бармаған. Қаңтар айының басында іздеуге жарияланған қала тұрғыны ұсталып, уақытша қамау изоляторына қамалды.
Тайынша ауданында полицейлер Ресей Федерациясы Түмен облысында іздеуде жүрген аудан орталығының 33 жастағы тұрғынын ұстады. Ер адам РФ Қылмыстық кодексінің 119-бабымен көзделген қылмыс бойынша күдікке ілінген. «Өткен жылы 82 қылмыскер іздестіріліп, 48-і табылды. Аталған бағыттағы жұмыс жалғасуда және ҚР ІІМ тұрақты бақылауында. Халықаралық тапсырмалар аясында басқа мемлекеттердегі әріптестерімізбен тығыз өзара іс-қимыл жасай отыра, жұмыс жүргізудеміз», - деп атап өтті Криминалдық полиция басқармасының бастығы полиция полковнигі Петр Климов.