
Жаңажылдық мереке күндері СҚО-да аяз күшейіп, Петропавл қ. ПБ қабылдап-тарату орны қызметкерлерінің жұмысы қыза түсті. Олардың басты мақсаты- тұрғылықты жері жоқ адамдардың үсік алуына жол бермеу. Желтоқсан айының соңы және жаңа жылдың алғашқы күндері баспанасы жоқ адамдарды іздестіру бойынша іс-шаралар күшейтілді. Жертөлелер, жылу жолдарының құдықтары, кәріз жүйесі, қоқыс орындары, базарлар, вокзалдар- полицейлер қаңғыбастардың жүретін жерлерін тексерді. Олар қабылдап-тарату орнынан түнейтін жерге жіберіледі. 31 желтоқсан күні іріктеу тобы бұл жерге 48 адамды жеткізді. Қыста түнеу орны тұрғылықты жері жоқ адамдар үшін сағат 18.00-ден таңғы 10.00-ге дейін жұмыс істейді, бұл жерде оларға жататын орын мен ыстық тамақ беріледі. Ыстық тамақпен қамтамасыз етуге қайырымдылық ұйымдар көмек көрсетіп тұрады.
"Әрбір жеткізілген адам жеке тұлғаны анықтау ресімдерінен өткізіледі, - дейді қабылдап-тарату орнының бастығы полиция майоры Адай Смайыл. - Фотоға түсіріліп, саусақ іздері алынады, есепке алу базалары бойынша тексеріледі. Өткен жылы қызметкерлер қабылдап-тарату орнына қаңғыбастарды 2565 рет жеткізген. Олардың ішінен 8 іздеудегі, 2 із-түссіз жоғалған адам анықталды".
СҚО ПД баспасөз қызметі