СҚО жолдарында патрульдік полицияның 15 экипажы кезекшілік етуде

СҚО жолдарында патрульдік полицияның 15 экипажы кезекшілік етуде

Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында патрульдік полицияның 15 экипажы қызмет етуде. Өңірде аяз жалғасуда, осыған байланысты 2 қаңтар сағат 17:00-ден бастап республикалық маңызы бар жолдарда көлік қозғалысы шектелді. 3 қаңтар күні сағат 11:00-ден бастап барлық бағыттағы жолдар ашық. Дизельді көліктер мен қоғамдық көліктер үшін қала маңындағы тас жолдарда қозғалыс шектеулері жалғасуда.

Полицейлер тәулік бойы жолдарда кезекшілік етуде. Демалыс күндері олар Daewoo автокөлігінің жүргізушісіне көмектесті. Аудан орталығы Тайыншаның тұрғыны отбасымен Смирноводан үйіне қайтып келе жатқан. Жолда оның көлігі сынып қалады, абырой болғанда патрульдік полиция батальонының офицерлері Арман Оралов пен Дмитрий Кравченко дер кезінде көмекке келіп, машинаны аудан орталығына дейін сүйреп апарып, Прахтий отбасын аман-есен жеткізіп салады. «Аяздан көліктің майы ағып кетті ғой деймін. Бірақ мен тіпті не болғанын байқап та үлгермедім, полиция қызметкерлері көмекке келді. Оларға көп рахмет», - дейді Роман Прахтий. Көлікте 4 және 6 жастағы балалар да болған.

Полицейлер жолдың ашықтығына қарамастан, ұзақ жолға шығуды кейінге қалдыруды сұрайды.

СҚО баспасөз қызметі