
Петропавл қаласының тұрғыны Евгения Захаринаның ұялы телефонына бейтаныс бір адам қоңырау шалып, өзін банктегі қауіпсіздік қызметінің қызметкері ретінде таныстырған. Бірден қала тұрғынынан банк картасының реквизиттерін айтып беруін өтініпті. Себеп ретінде жақын уақытта оның картасынан операциялар жүзеге асырылғанын айтқан. Ер адам өте сыпайы сөйлескен. Алайда әйел адамның атында банктік карта жоқ екенін естігенде бірден тұтқаны қоя салыпты. Евгения еңбекақысын картамен емес, қолма-қол алады екен. Қала тұрғыны полицияға арыз жазбауды жөн көріпті. Оның айтуынша, материалдық шығын мен залал келтірілмеген. Дегенмен, мұндай әрекеттерге бей-жай қарамайтын азаматша бұл жәйт туралы криминалдық полицияның жедел уәкілдеріне хабарлады.
СҚО ПД бастығының орынбасары полиция полковнигі Руслан Назаровтың айтуынша, жаңа жылдық мереке күндері қарсаңында алаяқтардың белсенділігі артуы мүмкін. Осыған байланысты жедел уәкілдерге кең ауқымды түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. «Жаңа жыл мейрамы қарсаңында адамдардың көпшілігі хабарландыру сайттары мен әлеуметтік желілерден жақындары үшін сыйлық іздейді. Қаскөйлер бұл жайлы біле отыра күн сайын жаңа криминалдық тәсілдер мен түрлі амалдар ойлап табады. Көбіне солтүстікқазақстандықтардың басым бөлігі OLX, Kolesa және Instagram сайттарында алаяқтардың қармағына түсіп жатады. Тұрғындардан сақ болуларын, егде жастағы туыстары мен көршілеріне интернет-алаяқтардың құрбанына айналмас үшін қандай да бір жағдай болмасын, ешкімге ЖСН сандарын, карталарыңыздың реквизиттерін және басқа да жеке деректерін айтпауды ескертулерін сұраймыз», - деді полиция полковнигі Руслан Назаров.
Сондай-ақ, Криминалдық полиция басқармасы соңғы кездері мессенджер чаттарында жиі таратылып жүрген сілтемелердегі күмәнді акцияларға қатыспауға шақырады. Әдетте, бұл алаяқтардың интернет-ресурстарына өткізетін сілтемелер; танымал ұйымдардың, банктердің, интернет-дүкендердің сайттарының көшірмелері. Сіз бұл сілтемені бассаңыз, логин, құпия пароль мен басқа жеке мәліметтерді енгізуді түрлі жолдармен мәжбүрлейтін ресурстарға өтесіз. Егер де алаяқтардың бұл әрекеті іске асса, бір күні бар жинаған қаражатыңыздан айырылуыңыз мүмкін. Бұл жағдайда бірден полицияға арызбен жүгінген абзал.