СҚО-да үш күннің ішінде қоғамдық орында масаң күйде жүрудің 222 фактісі анықталды

СҚО-да үш күннің ішінде қоғамдық орында масаң күйде жүрудің 222 фактісі анықталды

Солтүстік Қазақстан облысы Полиция департаментінің Жергілікті полиция қызметі басқармасында желтоқсаннның 22-сі мен 24-і аралығында өткізілген рейдтер мен патрульдеуге қорытынды жасалды.

Масаң күйдегі азаматтардың тарапынан құқық бұзушылықтардың алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, мұз қалашықтарында құқықтық тәртіпті сақтау, безендірілген елді мекендерді бақылау - жаңа жыл қарсаңында патрульдеуге 600-ден астам полицейлер мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері тартылды. СҚО Полиция департаментінің бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаевтың айтуынша, жеке құрам құқық бұзушылықтардың алдын алумен қатар, халыққа көмек көрсету міндетін де атқарады. Бұл қала сыртындағы жолдарға қызмет көрсететін патрульдік полицейлерге де қатысты. Ауа температурасының күрт төмендеуі, екпінді жел жағдайында көмекке мұқтаж көлік иелерін анықтау үшін жолдарға тұрақты түрде мониторинг жүргізіледі. Осы орайда басқа өңірлерден келген үш адамға көмек көрсетіліп, ілесіп жүру ұйымдастырылған.

Үш күннің ішінде облыс аумағында 25 қылмыс тіркелді, оның 17-сі "кезекші" тәулікте ашылды. 1265 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды. Оның 222-сі қоғамдық орында масаң күйде жүру, 17-сі көлікті масаң күйде басқару. Басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, тізгінге отырған 4 жүргізуші анықталды. Отбасы-тұрмыстық қатынастар саласында 60 құқық бұзушыға қатысты заңмен белгіленген шаралар қабылданды. Алдағы мерекелік күндерде полицейлер қызметті күшейтілген түрде атқаратын болады.