СҚО-да алаяқ кәсіпкерді 6 миллион теңгеге алдаған – күдікті ұсталды

СҚО-да алаяқ кәсіпкерді 6 миллион теңгеге алдаған – күдікті ұсталды

Қараша айының соңында зығыр сатып алатыны жайлы хабарландыру берген Ақмола облысының кәсіпкері алаяқтың құрбанына айналды. Қылмыс жан-жақты жоспарланған. Аферист «тауардың» сапасына көзін жеткізу үшін, кәсіпкерге талдауға берген зығырдың үлгісін әзірлеп қойған, кейін «КамАЗ» автомашиналарын жалдап, Есіл ауданындағы ЖШС-дің біріне келісілген уақытта келулерін сұраған. Қаскөйдің шақыруы бойынша сол жерге сатып алушы да келген. Ауылшаруашылық құрылымының жанында зығыр тиеуге келген «КамАЗ» автомашиналарын көрген кәсіпкер, алаяқтың қолына 6 миллион теңге ұстатқан. Шаруашылық басшысынан өнімді артуға келісімге кеттім деген әлгі алаяқ, қайтып оралмаған. Оқиға орын алған жердегі ЖШС-тің жұмысшылары алаяқты танымайтын болып шықты. Алданған кәсіпкер аудандық полиция бөліміне көмекке жүгінді.

Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлімі «Алаяқтық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Жедел-іздестіру іс-шаралары бір айға созылды. «Күдікті, Көкшетау қаласының 32 жасар тұрғыны былтырғы жылы ғана бас бостандығынан айыру орнынан босап шыққан, ол ҚР Қылмыстық кодексінің дәл осы бабы бойынша істі болған, - деп нақтылады Есіл ауданының ПБ бастығы полиция подполковнигі Ерлік Есләмбеков. – Алаяқтың тәртіп сақшыларына ұсталмай, біраз жүріп қалуына криминалдық тәжірибесі септігін тигізген. Дегенмен, қызметтік іссапар барысында есілдік жедел уәкілдер оның Нұр-Сұлтан қ. жүргенін анықтады». Қолға түсіруге астаналық полицейлер көмектесті. Қазіргі уақытта күдікті тергеу изоляторында. Оның облыс аумағындағы тағы екі алаяқтыққа қатыстылығы анықталды. Тергеу жүргізіліуде.