
Петропавл қ. ПБ бастығы полиция полковнигі Жандос Мұқатов интернет-алаяқтық қаупінің артуы туралы халықты тағы да ескерте кетті. Аталған қылмыс түрі күн сайын тіркелуде. Көбінесе, интернет сатып алуға алдын ала төлем жасау талабымен байланысты алдау-арбау жолымен жасалғандар. 9 желтоқсанда Петропавл қаласының 65 жастағы тұрғыны «Одноклассники» әлеуметтік желісіндегі хабарландыру бойынша костюм сатып алмақ ниетпен «сатушыға» 9500 теңге аударған, кейін ол адам қоңырауларға жауап бермей қойған. 3 желтоқсанда облыс орталығының 21 жастағы тұрғыны «Kolesa.kz» сайтындағы хабарландыру бойынша «Mercedes» автокөлігіне арналған беріліс қорабы үшін 132 мың теңге аударған. «Сатушы» Қарағандының тұрғынымын деп таныстырып, өз құрбанын сендіру үшін жеке куәлігінің фотосын да жіберген. Ақшаны алғаннан кейін, бірден байланысты үзген. Петропавл қ. ПБ Бірінші полиция бөлімінің жедел уәкілдері жеке куәлігі пайдаланылған қарағандылықтың алдауға қатысы жоқтығын анықтады. Бір жолы ол өз құжаттарының фотосуретін бір ұйымға сеніп тапсырған. Оның деректері алаяқтардың қолына түскен, содан бері аңғал сатып алушыларды алдау үшін бірнеше рет қолданылған.
«Петропавлда интернер-алаяқтық 68,5%-ға өсіп отыр, - дейді қаланың бас полицейі. – Жыл басынан бері 337 факті тіркеліп, оның 53-і өндіріспен аяқталды. Күдіктілерді анықтау қиындық туғызуына байланысты көпшілігі ашылар емес. Интернет-қылмысының көпшілігі трансшекара сипатында, ол дегеніміз – жәбірленуші мен аляқтың екі өңірде, кей жағдайда басқа ел де болуында. Қаңтар айынан бастап криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері 12 қызметтік іссапарды жүзеге асырып, оның барысында 34 күдіктіні анықтады».
Жандос Мұқатов атап өткендей, кейде қылмыскерлер өздерін банктің қауіпсіздік қызметінен қоңырау шалып тұрғанын айтып, клиенттің банк картасында күдік туғызатын операциялар жүріп жатқаны жайлы хабарлайды. Олар картаның нөмірін, артқы жағындағы үш таңбалы CVV кодын, сондай-ақ sms-хабарламасына келіп түскен кодты айтуды сұрайды. Кейіннен алынған мәліметтердің көмегімен алаяқтар жәбірленушілердің шоттарынан интернет-банкинг арқылы қаражат ұрлайды. Бұл ретте, өзіңізді алаяқтардан қорғану үшін бөгде адамдарға жеке мәліметтеріңізді, банк карточкаларының деректемелерін, ПИН-кодтар мен құпия сөздерін айтпау керектігіңізді есте ұстаған жөн. Өзіңіздің шотыңыздағы қаражат қозғалысын мезгіл-мезгіл тексеріп отыруыңыз керек. Тауарды тексеріп алмайынша алдын-ала төлем жасаудан аулақ болыңыз - әдетте, тауарларға бейне шолу жасауды талап еткен кезде қылмыскерлер тартыншақтай бастайды. Петропавл полициясының бастығы адамдарды сақ болуға және бөтен адамға құпия мәліметтерді ашпауға шақырады.