СҚО полицейлері алимент төлемеген әйелді анықтады

СҚО полицейлері алимент төлемеген әйелді анықтады

Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері сот шешімімен немесе сот орындаушыларының қаулысымен іздеу жарияланған алимент төлемегендер мен борышкерлерді іздестіруде. Акцияның бірінші күні балалар алдындағы міндеттерін орындамаған немесе басқа төлемдер бойынша берешегі бар 7 адамның орналасқан жері анықталды. СҚО Ғ.Мүсірепов атындағы ауданның көші-қон қызметінің қызметкерлері, Қостанай облысындағы әріптестерімен өзара қарым-қатынас жүргізу барысында екі қызын бағып-қағуға төлемнен қарызы бар 43 жастағы әйелді іздеп тапты. Қыздар әкесімен бірге Солтүстік Қазақстан облысында тұрады. Әйел 2015 жылдан бері балаларымен бірге тұрмаған, оның 600 мың теңгеден астам қарызы болған. «9-11 желтоқсан аралығында мәжбүрлеу шаралары қолданылған адамдарды іздеу жұмыстары күшейтілді. Іздеуде жүрген адамдардың қайда екендігі туралы алынған барлық ақпаратты біз сот орындаушыларына қарызды өндіріп алу бойынша одан әрі іс-шаралар жүргізу үшін жібереміз», - деді Солтүстік Қазақстан облысы ПД Көші-қон қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Талғат Әбілов.
Қазақстандағы банк алдындағы қаржылық міндеттемелері бар 40 жастағы ер адамның тұрған жерін полицейлер Ресей Федерациясының Омбы қаласында анықтады. Акцияның бірінші күні 3 алимент төлемегеннің және 4 борышкердің тұрғылықты мекенжайлары анықталды.