
Айыртау ауданында аудандық полиция бөлімінің жедел уәкілдері 25 жылқы ұрлығын ашты. Күдікті уақытша ұстау изоляторында қамауда. Қараша айының соңында еркін жайылымнан Қаратал ауылы тұрғынының жылқылары жоғалған. Алғашқы күндері ауыл тұрғыны жоғалған жылқыларын өз бетімен іздемек болғанымен одан еш нәтиже болмаған. Ол аудандық полиция бөліміне жүгінген. Іздеуге жедел кіріскен полиция қызметкерлері Сулыкөл ауылының 45 жастағы тұрғынының ізіне түседі. Жедел уәкілдердің күдігі расталды. Тергеу барысында бақташы болып жұмыс істейтін ер адам Сарыөзек ауылының маңында қараусыз жүрген шағын жылқы үйірін байқағаны белгілі болады. Тергеу әрекеттері барысында ол жоғалған жылқыларды қайда жібергенін, оның кейбірін сойып, астанаға апарып сатқанын айтқан. 18 бас жылқы аудан тұрғындарынан алынды, оларды күдікті берешектері үшін төлегені белгілі болды.
«Ұрлық фактісі бойынша 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейтін ҚР ҚК 188-бабы 1-б. «Мал ұрлығы» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Ұсталғаннан миллионнан артық теңге алынды, сондай-ақ орман алқабынан 7 ұрланған жылқының терісі табылды», - дейді Айыртау ауданының ПБ бастығы Марат Серкешев.