СҚО-да жыл басынан 2 мыңнан астам тыныштықты бұзу фактісі тіркелді

СҚО-да жыл басынан 2 мыңнан астам тыныштықты бұзу фактісі тіркелді
Көбінесе жалға берілетін пәтерлерде түнде шу орын алады. Полицейлер жалға беретін тұрғын үйдің иелерімен профилактикалық жұмыс жүргізеді. Әр клиент жауапкершілік туралы ескертіледі. Өкінішке орай, кейбір жалға алушылар ескертуді елемейді. Қараша айының соңында түнгі сағат 1:30-да келіп түскен шақыру бойынша полицейлер Әуезов көшесінің бойындағы жалға берілетін пәтерге келген. Онда орта жастағы бес петропавлдық кездесулерін атап өтіп жатқан. Осыған ұқсас жағдай бір-екі күн бұрын орын алған, төрт жас жігіт К.Сүтішев көшесіндегі жалға берілетін пәтерде спирттік ішімдікпен отырыс өткізу үшін бас қосқан. Түнгі сағат 3-те шақыру келіп түскен...

«Жанжалқойлар мен шулы отырысты жақсы көретіндер жұмыстан шалдығып келген адамдар, балалар, зейнеткерлер жайлы ойламайды, олардың ұйықтап тынығуларына кедергі келтіреді, — дейді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы полиция майоры Денис Шерстобитов. — Есте сақтаған жөн: жұмыс күндері сағат 22-ден таңғы 9-ға дейін, демалыс және мереке күндері сағат 23-тен таңғы 10-ға дейін тыныштықты бұзу, оның ішінде тұрғынжайда және оның сыртында шұғыл қажеттілікпен байланысы жоқ шу шығаратын жұмыстарды жүргізуге тыйым салынады. Жеке тұлғаларға – бес айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді. Заңды тұлғаларға 20-дан 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі айыппұлды құрайды. Сонымен қатар, адамдардың көп жиналуы карантиндік шектеулерді бұзу болып табылады, ол үшін де жеке жауапкершілік көзделгенін еске саламыз».

Жыл басынан облыс полицейлері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 437-бабы «Тыныштықты бұзу» бойынша 2393 хаттама толтырды. Оның 1996 фактісі Петропавл қаласына тиесілі.