
Петропавл қ. Полиция басқармасы Екінші полиция бөлімінің қызметкерлері тонау жасады деген күдікпен Шал ақын ауданының 31 жасар тұрғынын ұстады.
Полицияға Кошуков көшесіндегі азық-түлік дүкендерінің бірінде тонау орын алғаны туралы хабарлама келіп түсті. Бейнебақылау камералары белгісіз жас жігіттің үш бөтелке арақ пен басқа да заттар салынған екі пакетті ашық түрде ұрлағанын көрсетті. Алғашында ол қарапайым сатып алушы ретінде келген, екі пакет зат алған, сатушы келесі тауарды алу үшін бөлменің түкпіріне кеткенде, пакетін алып, белгісіз жаққа қаша жөнелген.
Жедел-іздестіру іс-шаралары кезінде криминалдық полиция қызметкерлері жарты сағат ішінде сатушы сипаттаған адамға ұқсайтын жігітті ұстады. Ол Шал ақын ауданының 31 жасар тұрғыны болып шықты. Полицейлер ұстаған кезде ол дүкеннен ұрлаған ащы суға тойып, мас күйде болған.
Петропавл қ. Полиция басқармасы Екінші полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Руслан Сыздықовтың айтуынша, қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК 191-бабы 1-бөлігі «Тонау» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Күдікті ұрлаған заттарды қайтарды, оған қатысты міндетті келу түріндегі мәжбүрлеу шарасы қолданылды. «Жәбірленушінің полицияға уақтылы жүгінуінің арқасында қылмысты ізін суытпай ашу мүмкін болды. Бұдан бөлек, дүкеннің ішіне, сондай-ақ кіре берісіне орнатылған бейнебақылау камералары жедел-іздестіру іс-шараларына септігін тигізді», - деп атап өтті Руслан Сыздықов.