
СҚО полицейлері Қызылжар ауданындағы заңсыз аң аулау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Күдіктілер Орман шауашылығы және жануарлар әлемінің Солтүстік Қазақстан аумақтық инспекциясы жануарлар әлемі және аң аулау шаруашылығының бөлім басшысы Олег Беспаловпен ұсталды. 28 қараша күні ол Желяково ауылы маңынан өтіп бара жатып, жолдың жиегінде жатқан екі еліктің етін байқайды. Машинасын жасырып, аңшыларды күтіп алып, полицияға хабарласпақшы болады. Мемлекеттік қызметші учаскелік полиция инспекторына қоңырау соғып, мән-жайды айтып болғанша, әлгі жерге УАЗ автомобилі келіп тоқтады. Көлік ішінде бес адам, жүксалғышында үш сібір елігінің еті бөлшектеп салынған пакеттер болды. Жақын маңда рейд жүргізіп жатқан Қызылжар ауданының ПБ қызметкерлері оқиға орнына шұғыл жетіп, ауданның бес тұрғынын ұстады. Олардан 3 мылтық, 16 оқ-дәрі, 2 пышақ алынды.
«Жедел-тергеу тобының жұмысы барысында бөлшектенбеген тағы бір жануардың еті мен мылтық алынды, - деп нақтылады аудандық ПБ бастығы полиция полковнигі Әлихан Байқадамов. – Автомобиль арнайы тұраққа қойылды. Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 337-бабы 3-б. «Заңсыз аң аулау» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Күдіктілерге қатысты келу туралы міндеттеме түріндегі мәжбүрлеу шарасы қабылданды. Ауданда жыл басынан заңсыз аң аулаудың 5 фактісі анықталды. Бұл қылмыс түрінің профилактикасы мүдделі органдардың өкілдерімен бірлескен тұрақты рейдтер барысында жүзеге асырылып тұрады».