
Облыстық Полиция департаменті бастығы Марат Төлебаев бастаған СҚО полицейлері донорлық акцияға қатысты. Облыстық және қалалық патрульдік полиция батальоны, учаскелік инспекторлар, ЖҚАЖ, жедел басқару орталығы, облыстық полиция аппаратының қызметкерлері – түске дейін облыстық қан орталығының тіркеу бөліміне санитарлық нормаларды сақтай отыра, үш жүзге жуық полицей келді. Бүгінгі күні алғашқы погондағы донор облыстық полиция басшысы полиция полковнигі Марат Төлебаев болды. Марат Сағынтайұлының сөзіне қарағанда, ол алғашқы рет қанды жас қызметкер болған кезінде тапсырған екен. «Полициядағы қызметте дағдарыс жағдайлары орын алып жатады. Сондықтан қызметкерлеріміз қан тапсыру бойынша донорлық акциялардың маңызын өте жақсы түсінеді. Сондай-ақ, мұндай іс-шараға қатысу денсаулыққа да пайдалы» - деп атап өтті СҚО бас полицейі.
СҚО Қан орталығы директорының орынбасары Валентин Дигтяр қанды жұмыс күндері сағат 8:00-ден 13:00-ге дейін тапсыруға болатыны туралы атап өтті. Қажет болған жағдайда қан қабылдау бойынша кезекші топ демалыс күндері де жұмыс істейді. Орталыққа жиі қан тапсырып тұратындар қатарында еріктілер, әскери қызметкерлер, құтқарушылар және полицейлер екен. Орталықта погондағы донорларды қуана-қуана қарсы алады, өйткені олардың дендері сау, шыныққан әрі тәртіпті болып келеді. Осы жолы да полицейлер 450 миллилитрден қан тапсырды. Іс-шараға қатысқан СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Қапез Дәулетбаевтың айтуынша, күніне кемінде 50 полицейдің қатысуы жоспарланған. Тәртіп сақшыларының арқасында солтүстікқазақстандық қан орталығының қоры бір күннің ішінде бірден 50 дозамен, яғни 22,500 литр қан және плазмамен толығуы тиіс.
Акцияға қатысып, «Қан тапсырған – біреудің өмірін құтқарады» - деген ойға келген полицейлер жұмыс орындарына қоғамдық тәртіп пен облыстың жол қауіпсіздігін сақтауға аттанды.