
Патрульдік полицейлер арнайы автокөлікке жол бермейтін жүргізушілерді анықтау бойынша кенеттен тексеруді жалғастыруда.
Жедел жәрдем, өрт сөндірушілер, құтқарушылар, полиция – адам өміріне араша түсетін қызметтер үшін әрбір минут маңызды. Жүргізушілер шақыртуға асығып бара жатқан арнайы көліктерге түсіністікпен қарайды, дей тұрғанымен бұзушылықтар да орын алып жатады. Рейдтер көрсеткендей, бұзушылықтар жүргізушілердің жол қозғалысы ережелерін білмеулерінен жасалып жатады екен.
Петропавл қ. ПБ патрульдік полиция батальоны штабының бастығы полиция майоры Оксана Попованың айтуынша, ҚР жол қозғалысы ережесінің 6-тарауына сәйкес, жедел және арнайы қызметтiң көлiк құралдарының жүргізушілері кезек күттiрмейтiн қызметтiк тапсырманы орындауы кезiнде, қозғалыстың басқа қатысушылары алдында басымдыққа ие. Олар өздеріне жол берілгендігіне көз жеткізгеннен кейін ғана басымдықты пайдалана алады. Жарқылдақ маягі іске қосылған және арнаулы дыбыстық сигналы бар көлік құралдары жақындаған кезде жүргізушілер кедергісіз өтіп кетуін қамтамасыз ету үшін жолды босатады.
Тек өткен аптада ғана жол-көлік оқиғасы нәтижесінде медициналық қызметтің NIVA маркалы көлігі Жамбыл - Ғабит Мүсірепов көшелерінің қиылысында Volkswagen көлігімен соқтығысқан. Ешкім зардап шеккен жоқ, тек көліктер зақымдалды. Жол-көлік оқиғаларын ескерту мақсатында Жергілікті полиция қызметі басқармасы облыс орталығының жолдарында кезекті рейд өткізді. Бір сағат ішінде патрульдік полицейлер ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 598-бабы «Арнайы жарық және дыбыс сигналдары iске қосылған жедел және арнайы қызметтер көлiк құралының жүруiне басымдық бермеу» бойынша бірден үш бұзушылық анықтады.
Ағымдағы жылғы он айда облыс жолдарында жедел және арнайы қызметтер көлiк құралының жүруiне басымдық бермеудің 15 фактісі анықталды. Жергілікті полиция қызметінде коронавирустық инфекциямен күресу кезеңінде дәрігерлердің уақтылы келуі жол қозғалысы қатысушыларының тәртібіне де байланысты екенін атап өтті.