Қазан айында Солтүстік Қазақстан облысы ПД Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасына Петропавл қаласы тұрғынының есірткінің заңсыз айналымына қатысы туралы жедел ақпарат келіп түскен. Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында ақпарат расталды: көлікпен келе жатқан 36 жасар күдікті Петропавл орталығындағы дүкендердің бірінің маңында ұсталды. СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Руслан Назаровтың айтуынша, автокөлікті тексеру кезінде оң жақ артқы отырғышта пакет табылған. Оның ішінде өзіндік иісі бар өсімдік затпен өлшеніп салынған 15 полиэтиленді түйіншек болған. Сот-химиялық сараптамаға сәйкес аталған зат салмағы 994,40 гр кептірілген марихуана.
Мән-жайды анықтау кезінде ұсталғанның бұрын басқару құқығынан айырылғаны анықталды, сондай-ақ оның көлік құралына қатысты құқықты куәландыратын құжаттары болмаған. Ер адам бұрын сотталмаған, марихуананы өзім қолданамын деп түсіндірген.
Аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК 296-бабы 3-бөлігі (ірі мөлшердегі есiрткi, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау) бойынша енгізілді. Петропавл қ. сотымен 85 мың теңге көлемінде айыппұл салу туралы үкім шығарылды. Бұдан бөлек, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 612-бабы 3-бөлігі бойынша (құжаттары жоқ және басқару құқығы жоқ адамның көлiк құралын басқаруы) әкімшілік құқық бұзушылық жеке өндіріске бөлінді. Салынған айыппұл мөлшері 139 000 теңгені құрады.
Жыл басынан солтүстікқазақстандық полицейлер заңсыз айналымнан 400 кг астам түрлі есірткі затын тәркіледі. Оның 350 кг астамы марихуана, ал 1 кг 690 грамы – синтетикалық есірткі, сондай-ақ 372 грамм героин.
