Петропавлда полицейлер, педагогтар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері саяжайда үш баласымен тұрған әйелге көмектесті

Петропавлда полицейлер, педагогтар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері саяжайда үш баласымен тұрған әйелге көмектесті

Үш баланы жалғыз өзі тәрбиелеп отырған Петропавл қ. тұрғыны әпкесінің саяжайдағы бір бөлмелі үйіне көшкен. Күнкөріс қамымен нәпақа тапқанымен, қаржы жағынан өзін барынша шектегенімен ақша мәселесін шешу мүмкін болмады, сондықтан әйел жалдамалы пәтерге төленетін шығыннан құтылу үшін саяжайға көшеді. Көшуіне байланысты балаларын Қазақ мектеп-гимназиясына ауыстырған. Ювеналдық полицияның мектеп инспекторы Роза Башенова және әлеуметтік педагог Әлия Аблина жаңадан келген оқушылардың тұрмыстық жағдайын тексеруге барған. Көп балалы ана олардың келуіне алаңдағанын жасырмады: күн-түні тынымсыз еңбек ете отыра, балаларды толыққанды қамтамасыз ете алмағаны ма, тексеріс салдары қандай болмақ? - деген сұрақтар ойын мазалаған екен. Нәтижесі қуантарлықтай болды... Ең алдымен, балалар тегін тамақтанатын болды. Бір аптадан кейін мектеп ұстаздары материалдық көмек жинаған, оны полиция майоры Роза Башенова ювеналдық полицияның «ГАЗель» көлігімен әкелген.

«Роза Қабдоллақызы және Әлия Қаратайқызы мұнымен тоқтаған жоқ, - деп жазыпты риза болған әйел Полиция департаменті басшылығының атына жазған хатында. – Біз туралы мешіт имамына айтып, бізге отын, азық-түлік әкелді. Полицей мен педагог жақынымдай көмектесті, тіпті жылыту қауіпсіздігін тексеру үшін өрт сөндіру қызметіне хабарласқан. Олар қоңырау шалып, мән-жайды сұрады. Екі апта бұрын бізге «Харекет» қайырымдылық қорының өкілдері келді және қажетті тексерістен кейін бізге баспана беру туралы шешім қабылдады. Осылайша бәрі сәтті аяқталды. Айта кететіні, осы жерде қанша тұрсам да, жеке меншік үйіме қаражат жинауым екі талай еді. Ювеналдық полиция қызметкері мен әлеуметтік педагогтың мейірімділігі арқасында жақын арада бізде өзіміздің үйіміз болады. Қызметкерлеріңізге зор денсаулық, қызметте табыс пен сәттілік тілеймін».

Петропавл қ. ПБ ЖПҚ бөлімінің ЮП бөлімшесінің бастығы полиция майоры Эльмира Абушева қарамағындағы қызметкерлердің бойындағы мейірімділікті ең маңызды кәсіби қасиет деп есептейді. «Полицейлер адам тағдырына бейжай қарамауы тиіс, біздің жұмысымызда қызметкер әдеттегі ресімдермен шектеліп қана қоймай, барынша көмектесуі маңызды, - дейді ол. Ювеналдық полицейлердің басым бөлігі табиғатынан жанашырлыққа бейім нәзік жандылардың болуы бекерден-бекер емес шығар. Осы жақында бөлімше қызметкерлері 1 мен 13 жас аралығындағы бес баланы тәрбиелеп отырған жалғызбасты анаға материалдық көмек көрсетті. Бұл акцияға №17 және 21 мектептердің әлеуметтік педагогтары үлкен көмек көрсетті».

Петропавл қ. мектептерінің әкімшілігімен тығыз өзара іс-қимыл тұрақты негізде жүргізіледі. Басты мақсат – бірде-бір бала қиын жағдайда назардан тыс қалмауы тиіс.