СҚО полицейлері алты күн ішінде бұрын жасалған жеті мал ұрлығын ашты

СҚО полицейлері алты күн ішінде бұрын жасалған жеті мал ұрлығын ашты

Солтүстікқазақстандық полицейлер соңғы алты күнде бұрын жасалған жеті мал ұрлығын ашты. Облыстық полиция ведомствосының Криминалдық полиция басқармасында «Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы қорытындыланды.
Облыста бір миллионнан астам ауыл шаруашылық жануары бар екен. Оның 142 734 –і жылқылар. Сондай-ақ өңірде 114 мал сою және ет өңдеу пунктері, облыс орталығында ет өнімін сататын 8 базар мен 10 дүкен және 11 ет өңдейтін кәсіпорын жұмыс істейді. Бұдан бөлек, облыс бойынша бос жүрген малға арналған 200-ден астам айыптұрақ бар.
«Мал ұрысы» республикалық іс-шара аясында 300-ден аса солтүстікқазақстандық полицей базар мен дүкендерді, ет өңдейтін кәсіпорындарды тексеріп, мобильді топтар құрамында рейд жүргізді. Басты мақсат – үй жануарларымен байланысты жасалатын қылмыс пен құқық бұзушылықтарды анықтау және жолын кесу.

«320 полиция қызметкері тартылды, оның ішінде әкімшілік полиция және жергілікті полиция қызметінің - 262, криминалдық полицияның – 58 қызметкері, Ветеринария басқармасының 20 маманы қатысты. Бұрын жасалған 7 қылмыс ашылды, оның 3-уі «өткен жылғы» санатындағы. Бұдан бөлек, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 406-бабы «Қазақстан Республикасының ветеринария саласындағы заңнамасын бұзу» бойынша 36 құқық бұзушылық анықталды», - деді СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Руслан Назаров.

Ет өнімдерін сататын орындарды тексеріп, рейд жүргізуден бөлек полицейлер кең ауқымды алдын алу және түсіндіру жұмысын жүргізді. Учаскелік полиция инспекторлары жылқышылар мен бақташыларды мал ұрлығына қатысты көзделген қылмыстық жауапкершілік туралы ескертті, сондай-ақ аудандық полиция бөлімдерінің қызметкерлері мүлік пен малды қаскөйлерден сақтау жолдары көрсетілген жадынамаларды таратты. Осылайша, Қызылжар ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері екі күн бойы блок-бекеттен өтетін жүргізушілерге ұрлық пен алаяқтықты ескерту бойынша буклеттер мен кітапшаларды тарата отыра, түсіндіру жұмысын өткізді. Криминалдық полиция басқармасының мәліметі бойынша ағымдағы жылғы 10 айда облыс аумағында 34 мал ұрлығы, сондай-ақ ауыл шаруашылық жануарларын бағу қағидаларын бұзудың 1604 фактісі тіркелді. Аталған қылмысты анықтау және алдын алу бойынша жұмыс тұрақты бақылауда және ұдайы негізде жалғасатын болады.