Жыл басынан СҚО жолдарында полицейлер 891 мас жүргізушіні ұстады

Жыл басынан СҚО жолдарында полицейлер 891 мас жүргізушіні ұстады

СҚО ПД патрульдік полиция батальонының экипажы «Жезқазған-Петропавл» автожолының 791 шақырымында Mazda маркалы автокөлігін тоқтатқан. Рөлде 31 жастағы Шал ақын ауданының тұрғыны болған. Тексеріс барысында онда жүргізуші куәлігінің болмағаны және мүлдем алмағаны белгілі болды. Бұдан бөлек, медициналық куәландырудың нәтижесі солтүстікқазақстандықтың масаң күйде екендігін растады. Аталған факті бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 6-бөлігі «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқаруы» бойынша материал жиналып, сотқа тапсырылды. Сот шешімімен ер адам 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алынуы мүмкін.

Петропавлда есірткілік масаң күйде көлік басқарудың келесі бір фактісі анықталды. Н.Назарбаев – Шухов көшелерінің қиылысында полицейлер  BMW автокөлігін тоқтатқан. Рөлде 27 жастағы петропавлдық болған. Медицианлық куәландыру жүргізушінің жуырда есірткі қолданғанын көрсетті. Жиналған әкімшілік материал сотқа жіберілді, қала тұрғыны жеті жылға жүргізуші құқығынан айырылуы мүмкін.

СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айдын Байматовтың айтуынша, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, ЖЖЕ өрескел бұзушылық, көбінесе, көлік құралын алкогольдік масаң күйде басқару фактілерін анықтау патрульдік полицияның күнделікті жүргізетін рейд барысындағы басты міндеттер болып табылады. Төрт күннің ішінде облыс жолдарында масаң күйде көлік құралын басқарған 23 жүргізуші ұсталды. Оларға қатысты ҚР ӘҚтК 608-бабы бойынша материал жиналып, сотқа жіберілді. «Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету -  жергілікті полиция қызметінің жұмысындағы басты бағыттарының бірі. Жыл басынан Жол жүрісі ережесін бұзғаны үшін 42 мыңнан аса адам жауапкершілікке тартылды. Көлікті масаң күйде басқарғаны үшін 900 жуық жүргізуші ұсталды. Жалпы соңғы 10 айда облыс жолдарында 30 адам қайтыс болған және 206 адам жарақат алған 159 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Жедел-профилактикалық іс-шаралар мен кенеттен жүргізілетін рейдтер тұрақты жалғасатын болады», - деп тоқтала кетті Айдын Байматов.  

Юрий Клыков, СҚО ПД баспасөз қызметі