Полицейлер СҚО тұрғынынан шолақ мылтық пен қолдан жасалған граната тәркіледі

Полицейлер СҚО тұрғынынан шолақ мылтық пен қолдан жасалған граната тәркіледі

Солтүстік Қазақстан облысы аудандарының бірінде полицейлер 61 жастағы ауыл тұрғынынан бірқатар тыйым салынған заттар: «ТОЗ-34» қос ұңғылы шолақ мылтық, қолдан жасалған жарық-дыбыстық граната, қолдан жасалған дүмі бар аңшылық мылтықтың ұңғы қорабы, гильзалар және патрондар жасауға арналған құралдарды тапты.

Ер адамда 2005 жылға дейін аңшылық билеті болған. Оның айтуынша, шолақ мылтықты үйінің шатырынан тауып алған, механизмді қоқыс орнынан алған, ал гранатаны отшашу ретінде пайдалану үшін өзі жасаған. Мұндай қолдан жасалған «пиротехниканың» өзінің өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретінін ойламаған. Қаруды заңсыз сақтау фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Полицейлер облыс тұрғындарын тіркелмеген қаруды ерікті түрде тапсыруға шақырады. Қаруды өз еркімен тапсыру, оны заңсыз сақтағаны үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершіліктен босатады.

Аталған факті мамыр айының соңында өткізілген облыстық «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында анықталды. 260 үйді, шаруашылықты және жайылым жерлерді тексеру барысында полицейлер заңсыз сақталған 11 қару мен 32 оқ-дәріні тәркіледі.

Жыл басынан бері СҚО-да барлығы 59 атыс қаруы тәркіленді, оның ішінде 6 ойық ұңғылы қару және 3 шолақ мылтық. Полицейлер жұмысының мақсаты — қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, жазатайым оқиғалар мен қару қолданылып жасалатын қылмыстардың тәуекелін азайту.