СҚО-да 9 блок бекетте 43 полиция қызметкері медицина қызметкерлерімен бірге кезекшілікте тұр

СҚО-да 9 блок бекетте 43 полиция қызметкері медицина қызметкерлерімен бірге кезекшілікте тұр

Солтүстік Қазақстан облысында бүгінгі таңда эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру үшін қойылған 9 блок бекетте тәулік бойы 43 полиция қызметкері кезекшілік етуде. 5 блок бекет Петропавл қаласының айналасына қойылса, 4-уі Мағжан Жұмабаев, Мамлют және Аққайың аудандарында тұр. Полицейлер медицина қызметкерлерімен бірге он екі сағаттан екі ауысымда жұмыс істеуде, ауысым таңғы 8.00-де басталып, кешкі 20.00-де аяқталады. Облыс орталығына кірер жолда, яғни қала маңындағы аудан орталығы Бескөлде бір уақытта 6 қызметкер кезекшілікке түссе, аудандарда 2 қызметкерден жұмыс істейді. Полицейлер 9 блок бекеттен бөлек Есіл, Ақжар және Уәлиханов аудандарындағы 4 санитарлық бекетте және Ресей Федерациясының шекарасында 3 бекетте кезекшілік атқаруда.

Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айдын Байматовтың айтуынша, облыс орталығына блок бекет қойылғаннан бері 22 266 көлік құралы тексерілген, оның ішінде 11 776 автомашина кіріп, 6 770-і шыққан. Транзитпен 3 720 автомашина өткен. «Бас санитарлық дәрігердің қаулысына сәйкес тіршілікті қамтамасыз ететін ұйымдардың қызметкерлері және қолдарында дәрігерге тексеріске немесе жұмысқа келе жатқанын растайтын құжаты бар адамдарға қалаға кіруге шектеу жоқ. Қалған азаматтардың қолдарында ПТР-тесті болуы қажет», - деді СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдын Байматов.