СҚО полицейлері адам еңбегін және сексуалдық пайдаланумен байланысты қылмыстарды анықтау бойынша іс-шара өткізді

СҚО полицейлері адам еңбегін және сексуалдық пайдаланумен байланысты қылмыстарды анықтау бойынша іс-шара өткізді

Солтүстікқазақстандық полицейлер адам еңбегін және сексуалдық пайдаланумен байланысты қылмыстардың алдын алу бойынша жұмысты жандандырды. 10 қарашадан облыста республикалық «STOP трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.

Жыл басынан полицейлер «STOP трафик» іс-шарасын екі мәрте өткізді. Іс-шараның үшінші кезеңі әдеттегіден өзгеше «Жаңа жол» шекара бекетінде өтті, барлық санитарлық нормаларды сақтаумен бетперделер, жадынамалар мен буклеттерді тарату бойынша акция ұйымдастырылды. Полицейлер мәжбүрлі түрде адам еңбегін және сексуалдық пайдалану мәселелері бойынша жұмыс істейтін «қауырт желі» телефондары көрсетілген визиткаларды таратып, азаматтарды құқық бұзушылықтарға бейжай қарамауға шақырды.

СҚО Полиция департаменті бастығының орынбасары полиция полковнигі Руслан Назаров адам саудасы және сексуалдық пайдалану фактілері бойынша жұмыс Криминалдық полиция басқармасының ұдайы бақылауында екенін атап өтті. Аталған бағыт бойынша жұмыс тек жедел-профилактикалық іс-шара аясында ғана жүргізілмейді, тұрақты түрде жүргізіліп тұрады.

«STOP трафик» іс-шарасының алғашқы күнінде СҚО ПД Криминалдық полиция басқармасы «Әйелдерді қолдау орталығы» өкілдерімен бірлесе, «Жаңа жол» шекара бекетінде «Адам саудасына жол жоқ!» тақырыбына кітапшалар мен буклеттерді, бетперделерді тарату бойынша акция өткізді. Аталған акция адам саудасы фактілерінің жолын кесуге бағытталған. Сізге қатысты құқыққа қайшы әрекеттер жасалған жағдайда немесе аталған саладағы бұзушылықтар туралы қандай да бір ақпарат болса, «11616» қауырт желісіне немесе «102» нөміріне хабарласуды сұраймыз».

Жыл басынан солтүстікқазақстандық полицейлер 5 жеңгетайлық фактісін және заңсыз бас бостандығынан айыру дерегін анықтаған. Сондай-ақ, қоғамдық орында тиіскені үшін - 2, көрінеу жезөкшелікпен, жеңгетайлықпен айналысуға үй-жайды ұсынғаны үшін 3 әкімшілік материал ресімделді. «STOP трафик» жедел-профилактикалық іс-шарасы 14 қарашаға дейін жалғасады.