
Солтүстік Қазақстан облысының полицейлері 5-9 қараша аралығында «Лишенник» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында жұмыс істеді. «Бұл күндері жүргізушілік тәртіпті нығайту және көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізушілердің көлік жүргізу фактілеріне жол бермеу жөніндегі жұмыс күшейтілді. 5 күн ішінде облыста жүргізу құқығынан айырылған адамдардың көлік жүргізуінің 46 фактісі анықталды», - деп атап өтті СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы полиция подполковнигі Айдын Байматов.
Ұсталған жүргізушілердің көпшілігі мас күйінде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айырылғандар болып отыр. Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін мұндай құқық бұзушылық жасағаны үшін жүргізушіге үш жыл бойы көлік жүргізуге тыйым салынған болатын. Биылғы жылы заңнамамен жаза қатаңдатылды, енді олар мас күйде көлік жүргізгені үшін 7 жыл көлік құралын басқара алмайды. Сондай-ақ, қарсы бағыттағы жолаққа шыққаны және жол-көлік оқиғасын жасағаны үшін жүргізу куәлігінен айырылады.
Әкімшілік ықпал ету шаралары жүргізушілерді тәртіпке шақыра бермейтінін фактілер көрсетіп отыр. Мұндай жол қозғалысына қатысушыларға ҚР ӘҚтК 612-бабында көзделген жаза қолданылады. Бескөл ауылының 49 жастағы тұрғыны 10 тәулікке қамауға алынды. Ол мас күйінде көлік құралын басқарғаны үшін жүргізуші куәлігінен айырылса да рөлге отырған.