СҚО-да санитарлық бекетте 680 гр. Марихуана тасымалдаған аудан тұрғыны ұсталды

СҚО-да санитарлық бекетте 680 гр. Марихуана тасымалдаған аудан тұрғыны ұсталды

Тайыншы ауданының Кирово ауылында 50 жастағы аудан орталығының тұрғыны ұсталды, оның көлігінен бір пакет кептірілген марихуана табылды.

Тайынша ауданы полиция бөлімінің кезекші қызметіне Кирово ауылының санитарлық бекетінде Mercedes автомашинасы тоқтатылып, одан өсімдік тектес зат салынған пакет анықталды және тәркіленді деген хабарлама келіп түсті.

Ер адам Кирово ауылына қонаққа бара жатқанын айтты. Ол пакетке салынған жабайы қарасораны тасымалдаған. Сот-химиялық сараптаманың нәтижесі, пакеттегі салмағы 680 грамм кептірілген марихуана екендігін көрсетті.

Тайынша ауданы полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Нұрлыжан Ақтановтың айтуынша, бұл факті Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 296-бабының 2-бөлігі «Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатынсыз заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау» бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне енгізілген. Тергеу Іс-шаралары жүргізіліп жатыр. Ұсталған адамға қатысты міндетті келу түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды.

Солтүстік Қазақстан облысының Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері облыс полицейлері заңсыз айналымнан 398 келіден астам түрлі есірткі заттарын, оның ішінде 349 келі марихуана тәркілеген.