Петропавлдық полицейлер көліктерден бірнеше ұрлық жасады деген күдікпен екі ақмолалықты ұстады

Петропавлдық полицейлер көліктерден бірнеше ұрлық жасады деген күдікпен екі ақмолалықты ұстады

Солтүстікқазақстандық жедел уәкілдер Петропавл қаласында бірнеше мүліктік қылмыс жасаған Ақмола облысының екі тұрғынын ұстады.

Алғашқы арыз полицияға тамыз айының соңында келіп түскен. Үйіне келе жатқан мас петропавлдыққа белгісіз адам шабуыл жасап, қолындағы барсеткасы мен ұялы телефонын тартып әкеткен. Аталған шабуыл фактісі ҚР Қылмыстық кодексінің 191-бабы «Тонау» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Жедел уәкілдер жақын маңдағы камералардың жазбаларын зерделеп, күмәнді тұлғалардың қатысын тексерді. Іздестіре келе, «Изумруд» саяжай қоғамы тексерілді. Үйлердің бірінде 1989 және 1995 жылы туған Ақмола облысының екі тұрғыны анықталды. Саяжайды тексеру кезінде магнитола, автоколонкалар, балық аулау құралдары, кілттер жиынтығы және зергерлерге арналған көзілдіріктер анықталды. Заттардың қайдан алынғаны туралы сұрағанда, жігіттер әр түрлі жауап берді. Тонаудан бөлек көліктерді бұзып кіріп, ұрлағандары белгілі болды.

Ұсталғандардың сөзіне қарағанда, олар Петропавлға нәпақа табу үшін келген. Танысының саяжайына тоқтап, ұрланған мүлікті сонда апарған. Қос қылмыскер жұмыс іздеудің орнына ұрлықпен айналасқан. Түнделетіп аулада сигнализациясыз тұрған көліктерге түскен. Үш көлікті бұзып кіріп тонауға үлгерген екен.

Бірінші полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Тілеген Әлжановтың айтуынша, аталған фактілер бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 191 және 188-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қазіргі уақытта ұрланған мүлік тәркіленді. Ұсталғандар тергеу изоляторында, тергеу әрекеттері жүргізілуде.

Кез-келген қылмысты ашудан гөрі алдын алу оңай. Жәбірленішулер полицияға дер кезінде жүгінбесе, қаскөйлерді жедел іздеп табу қиындай түседі. Полицейлер қала тұрғындарын көліктеріне жауапкершілікпен қарап, сигнализация орнатуға және көлікті бейне бақылау камералары бар жерге қоюға шақырады.