
Есіл ауданында бір түн ішінде жылқы үйірі жол үстіне шығып кетіп, екі жол-көлік оқиғасының жасалуына себепші болған. Бірінші қараша күні Шал ақын ауданының 54 жасар тұрғыны «Лада Ларгус» автокөлігінде жұбайы және туысымен Петропавл қаласынан үйіне қайтып келе жатқан. 22 сағат шамасында Бірлік ауылы маңындағы Жезқазған-Петропавл тас жолында автокөлік алдына бір табын жылқы шыға келген. Соқтығыспау мүмкін болмады. Абырой болғанда, адамдар дін аман, соққы алған жануар өліп қалды. Автокөлікке зақым келгенімен, сапарын жалғастырды. Полицейлер табын жылқыны іздеуге кірісіп кеткен кезде, бірінші оқиға болған жерден жақын маңда екінші ЖКО орын алды. 32 жасар петропавлдық сол жолдың бойында «Лада Приора» автокөлігімен Ғ. Мүсірепов ауданының Новоишимское ауылына қарай жүріп келе жатқанда жылқыны жанамалай соғып кеткен. Жүргізуші мен 29 жасар жолаушы зардап шеккен жоқ, жануар қашып кеткен, көлікке механикалық зақым келтірілді. Қазіргі кезде тәртіп сақшыларымен бос жүрген малдың иелері анықталды. Мал иелері ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 408-бабы «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу» бойынша жауапкершілікке тартылады.
«Бұл жыл басынан қаңғыбас малдардың қатысуымен орын алған төртінші жағдай, - дейді Есіл ауданының ПБ бастығы полиция подполковнигі Ерлік Есләмбеков. – Мал иелерінің жауапсыздығы адамдардың жарақат алуына, тіпті адам өліміне әкеліп соғатынын жақсы түсінуі қажет. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен еркін жайылымдар фактісіне жол бермеу бойынша іс-шаралар жүргізіліп тұрады. Тамыз айының ортасынан, СҚО аумағында мал бағу қағидасы қолданысқа енгізілген сәттен, малдарын еркін жайылымға жіберген 40 ауылдық жауапкершілікке тартылды».
Облыста жыл басынан автокөліктер мен жануарлардың соқтығысуынан екі адам жарақат алды.
СҚО ПД баспасөз қызметі