
Петропавлда Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері есірткі құралдарын өртеу жөнінде акция өткізді. Арнайы құрылған комиссияның көзінше 100 келіден аса улы заттың көзі жойылды.
Қала тұрғынының ауласынан жабайы өскен қара сора алқабы анықталды. Сараптама актісіне сәйкес салмағы 100 келіден асатын есірткі құралы болып шықты. Есірткі қылмысына қарсы күреспен айналысатындар «Қамқор» клубының еріктілерін акцияға қатысуға шақырды.
Қоғамдық белсенділер профилактикалық іс-шаралар кезінде, рейдтерде, есірткі графифитилерін бояу барысында әрдайым полицейлерге көмектесіп тұрады. Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің 3 курс студенті Қайсар Мусиннің айтуынша, мұндай іс-шаралар жасөспірімдер арасында жаман жолға түспеудің алдын алуға бағытталған. «... Біз - еріктілер осындай акцияға өз үлесімізді қосқанымыз үшін қуаныштымыз. Осындай іс-шараларға қатыса отыра, біз «Есірткіге жол жоқ!» деп, қоғамды салауатты өмір салтына шақырамыз», - деп белсенді атап өтті.
Акция барысында жастарға жыл басынан Солтүстік Қазақстанда есірткі заттарын шамадан тыс пайдалану нәтижесінде қайтыс болған 5 адам жайлы мәлімет айтылды. Алғашқы медициналық көмек көрсету үшін жедел жәрдем 69 рет көмекке келген. Көмекке жүгінгендердің арасында кәмелетке толмағандармен есірткі затын пайдаланудың 7 жағдайы тіркелген. Петропавл қ. Полиция басқармасы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығы полиция капитаны Рахат Нұрахметов есірткіге қарсы күрес іс-шараларына жастарды тартудың маңыздылығын атап өтті.
«...Мектеп қабырғасында балаларға есірткінің зияны жайлы ойды санасына мықтап сіңіру керек. Ата-аналар, мұғалімдер, біз тәртіп сақшылары бірлесіп, күн сайын тәлімі мол профилактикалық жұмысты өткізуіміз қажет. Жастармен бірлесе отыра атқарған бүгінгі іс-шарамыз – осы бағыттағы профилактикалық тәсілдің бір жолы...».
Жыл басынан заңсыз айналымнан 390 кг. астам түрлі есірткі заттары, оның ішінде 1 кг. 690 грамм синтетикалық дәрі-дәрмек алынды. Қылмыстық жауапкершілікке 85 адам тартылды.