СҚО-да екі көлікті заңсыз айдап кеткен күдікті ұсталды

СҚО-да екі көлікті заңсыз айдап кеткен күдікті ұсталды

Петропавл қаласында полицейлер «ВАЗ-2114» және «ВАЗ-2107» маркалы автокөліктерді заңсыз айдап әкетудің екі дерегі бойынша 25 жастағы қала тұрғынын ұстады. Күдіктінің айтуынша, екі жағдайда да ол тек межелі жеріне тезірек жетуді көздеген. Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде.

Мұндай қылмыстардың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлері жүргізушілерге тұтандыру кілттерін көлік салонында қалдырмауды, сенімді дабыл жүйесін қолдануды, мүмкіндігінше автокөліктерді күзетілетін тұрақтарға немесе жарықтандырылған жерлерге, бейнебақылау камераларының көру аймағына қоюды ұсынады.

Осы қарапайым қауіпсіздік талаптары туралы полицейлер автокөлік иелеріне «Стоп угон» атты республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында еске салды. Аталған іс-шара Солтүстік Қазақстан облысында 21–23 қаңтар аралығында өтті.

Іс-шара барысында тәртіп сақшылары 197 техникалық қызмет көрсету станциясын, автотұрақты және автокөлік бөлшектерін сату нүктелерін тексерді. Негізгі назар автокөлік бөлшектерінің заңсыз айналымының жолын кесуге бағытталды. Пайдаланылған қосалқы бөлшектерді белгіленбеген орындарда сатқан 17 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.