
Облыстық полиция басшысы журналистермен өткен кездесуде 2026 жылға арналған басым міндеттердің қатарында Мемлекет басшысы мен Ішкі істер министрлігі қойған тапсырмаларды орындау тұрғанын атап өтті. Негізгі бағыттар ретінде «Заң және Тәртіп» идеологиясы аясында қылмысқа қарсы іс-қимыл, қоғамдық тәртіп пен жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету айқындалды. Сонымен қатар жарияланған Цифрландыру және жасанды интеллект жылының логикасына сәйкес жұмысты дамытуға ерекше назар аударылмақ.
Абай Жусупов полиция мен бұқаралық ақпарат құралдарының сындарлы өзара іс-қимылының маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, қазіргі ақпараттық кеңістікте журналистердің объективтілігі, кәсібилігі мен жауапкершілігі ерекше құндылыққа ие. Департаменттің басшылығы мен жеке құрамы жарияланымдарды мұқият бақылап отырады, өңірлік БАҚ материалдарымен жақсы таныс және полиция қызметіне қатысты өткір де күрделі жағдайлардың байыпты әрі теңгерімді түрде жариялануы үшін алғысын білдіреді.
Кездесу барысында медиа қоғамдастық өкілдерін марапаттау рәсімі өтті. «Погондағы журналист» республикалық байқауына қатысқаны үшін Ішкі істер министрінің алғыс хаттарымен төрт журналист марапатталды. Сонымен қатар, 2025 жылы полиция қызметкерлерінің сан қырлы, күрделі, кей жағдайда қауіпті еңбегін объективті түрде жариялауға үлес қосқан журналистер мен бейнеоператорларға СҚО полиция департаментінің алғыс хаттары табысталды.
Марапаттау рәсімінен кейін журналистер полиция ведомствосымен алдағы ақпараттық өзара іс-қимылға қатысты өз көзқарастарын білдіріп, бірқатар ұсыныстарын айтты. Аталған ұсыныстар департамент басшылығы тарапынан назарға алынды.
Кездесуді қорытындылай келе, Абай Жусупов бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне іскерлік ұстанымдары үшін алғыс айтып, алдағы уақытта да сабырлы әрі мазмұнды диалог жалғасатынына сенім білдірді.