СҚО-да учаскелік полиция инспекторы үсіп бара жатқан ауыл тұрғынын құтқарды

СҚО-да учаскелік полиция инспекторы үсіп бара жатқан ауыл тұрғынын құтқарды

Солтүстік Қазақстан облысының Жамбыл ауданында бір адам аязды түнде қаза табуға шақ қалды.

14 қаңтар күні шамамен сағат 01:00-де учаскелік полиция инспекторы Бекзат Қайсаев қызмет көрсететін аумағын аралап болғаннан кейін үйіне қайтып келе жатқан кезде ауыл тұрғындарының бірі қоңырау шалып, ағасының жоғалғанын хабарлаған. Жоғалған азамат – жұмыс істейтін, есепте тұрмайтын, спирттік ішімдіктерді асыра пайдаланбайтын адам. Қонақта ішімдік ішіп, үйіне қайтар жолда адасып кеткен.

Осы түні ауа температурасы –30 градустан төмен түскен. Бекзат Қайсаев жедел түрде шақыртуға шығып, арызданушымен бірге іздестіру жұмыстарын бастады. Шамамен 30 минуттан кейін полицей елді мекеннің бір қараңғы көшесінен жоғалған азаматты ес-түссіз күйде тапты.

Ер адам үйіне жеткізіліп, алғашқы медициналық көмек көрсетілді, қолдары жылы суға салынды. Қазіргі уақытта 37 жастағы ауыл тұрғыны медициналық мекемеде, дәрігерлер оның жағдайын бақылауда ұстап отыр.

Полиция қызметкерлері төмен температура жағдайында барынша сақ болуға шақырады.