
Петропавл тұрғыны полицияға белгісіз қылмыскерлер гараж кооперативтерінің бірінде орналасқан гаражын тонағаны туралы арызбен жүгінді. Қаскөйлер темір қақпаларды бұзып, «Дельта» маркалы мопедті ұрлап әкеткен. Шығын сомасы 305 мың теңгені құрады. Көзден таса жерде жасалған қылмыс куәгерлерін іздеп табу оңайға соқпады. Петропавл қ. ПБ Екінші полиция бөлімінің қызметкерлері іргелес маңдағы бейне бақылау камераларының жазбаларын тексере келе, күдіктілерді анықтай алды. Арыздың келіп түскеніне екі сағат өтер-өтпесте қылмыскерлер ұсталды. Олар 1993 және 1987 жылғы қала тұрғындары болып шықты. Екеуі де бұрын мүліктік қылмыс жасағандары үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған, екіншісі есірткінің заңсыз айналымы үшін сотталған. Аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізіліміне ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы 3-б. «Ұрлық» бойынша енгізілді. Ұрланған мүлік алынып, иесіне қайтарылды.
Екінші полиция бөлімінің бастығы полиция подполковнигі Руслан Сыздықов гараж кооперативінің техникалық жабдықталмауы қылмыстың жасалуына әсер еткені туралы атап өтті: «Аумағы күзетілмейді, тиісті түрде жарықтандырылмаған. Гараж иелері мүліктерінің сақтығы туралы ойлануы тиіс. Тиісті түрде жарықтандыру, пультпен күзет немесе бейне бақылау тиімді профилактикалық құрал болып табылады».