
СҚО Мамлют ауданы Новоандреевка а. тұрғыны полицейлерге жылы лебізін білдіріп, шексіз алғысын видео арқылы жеткізді. Үйінің қасында байлаулы тұрған 7-айлық құлын босап кетіп, биемен кетіп қалған екен. Ер адам баласымен жылқыларды бір тәулік бойы іздеген, кейін учаскелік полиция инспекторына жүгінген. Ол хабарламаны кезекші бөлімге жеткізген екен.
Ауыл маңында қызмет бабымен әкімшілік полиция бөлімінің қызметкері полиция аға лейтенанты Азамат Көппергенов және аға криминалист полиция майоры Айдарбек Хамзин болған. Олар оқиға орнына барып, іздеуге кіріскен. Осыдан бір-екі күн бұрын Новоандреевка а. шамамен үш км жерде орналасқан Қатанай а. қарай беттеп бара жатқан жылқыларды көрген куәгер табылады. Полицейлер, ауыл тұрғындары және учаскелік инспектор ормандарды аралауға кіріседі. Бір орманның ішінде Айдарбек Хамзин алыста жүрген жылқыларды байқайды. Құлынның жібі шөпке оралып қалып, бие қасында тұр екен. Иесі шексіз риза болды. «Жылқыларды бар қаражатымды жұмсап, жуырда ғана сатып алған едім - деді ол. Қызметкерлердің қайырымдылығы, іздеуге кірісіп кеткендері үшін аудандық полиция бөлімінің басшылығына алғыс білдіремін». Полицейлердің қатысуымен іздеу жұмысы жарты күн ғана болды.
«Күнкөріс көзіне айналған төрт-түлік ауыл тұрғындары үшін аса маңызды, - деді Мамлют ауданы ПБ бастығы полиция подполковнигі Серік Әлжанов. – Қызметкерлер бар болғаны өздерінің жұмысын атқарды, ал айтылған алғыс жақсы көңіл-күй сыйлап, жігерлендіреді. Аталған видеоны орналастырған пабликтердің әкімшілеріне алғыс білдіремін».
Полицейлер ауыл тұрғындарын малдарына сақ болуға шақырады. Ағымдағы жылғы тоғыз айда Мамлют ауданында бірде-бір мал ұрлау фактісі тіркелмеген, алайда, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері жоғалып кеткен жануарларды іздеуге 11 рет қатысты.