
Дүйсенбінің таңында Петропавл қаласының тұрғыны келеңсіз жағдайға тап болған. «Амалым таусылған мен жолдың ортасында тұрып қалып, жол-жөнекей көліктерге кедергі келтірдім», - дейді көлігі Жамбыл мен Челюскин көшелерінің қиылысында сөніп қалған Бақытжан Жақыпова. Амалы таусылып, 20 минуттай жолда тұрған әйелге полицейлер көмекке келген. Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Данияр Өтегенов пен Жамбыл Қалиев көлікті тіркеуге алып, техникалық қызмет көрсету станциясына жеткізген. «Өзгенің басында орын алған жағдайға бей-жай қарамай, көмек қолын созған тәртіп сақшылары», - дей отыра қала тұрғыны полицейлерге өз алғысын білдірді.
Тосын жағдайлар тас жолда да орын алған. Өткен демалыс күндері ауа райының қолайсыздығынан бір көлік жолдан шығып кеткен. Бұл жайлы ол Инстаграмм парақшасында айтып, жолда көмек көрсеткен патрульдік полиция қызметкерлеріне алғыс білдірген. «…түнгі сағат 1 шамасында Омбы тас жолымен Петропавлға қарай бет түзеген болатынбыз, боран басталып, жолдың беті көктайғаққа айналды, бауырым екеуміз мінген көлік тайғақтың кесірінен жолдан кюветке шығып кеттік. Жедел әрекет етіп, жолға алып шыққан ЖПҚ қызметкерлеріне алғыс білдіргіміз. Жігіттер, үлкен рақмет. Патрульдік машинаның нөмірі 0054», - деп жазылған екен әлеуметтік желіде.
Есіл ауданында КАМАЗ-дың жүргізушісі денсаулығының нашарлауына байланысты көлігін тоқтатуға мәжбүр болған. Елді мекенге жетпей оның денсаулығы сыр берген. Келген патрульдік полиция қызметкерлері Нұрсұлтан Аушахманов пен Қайсар Мұқанов сырқаттанған жүргізушіні жедел ауруханаға жеткізген. «Петропавл-жолдары» ЖШС Есіл өндірістік жол учаскесінің бастығы СҚО Полиция департаментіне жүгініп, көрсеткен көмегі үшін алғыс білдірді.