СҚО-да киберполицейлер петропавлдықтар үшін жарқын профилактикалық акция өткізді

СҚО-да киберполицейлер петропавлдықтар үшін жарқын профилактикалық акция өткізді

Интернет-алаяқтық – қазіргі қоғамдағы ең өзекті әрі күрделі мәселелердің бірі. Полицейлердің айтуынша, жәбірленушілердің басым бөлігі бұл қылмыс түрі туралы бұрын естігенімен, ескертулерге жеткілікті мән бермеген. Осы мәселеге қоғам назарын аудару мақсатында СҚО ПД киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Петропавл қаласының адам көп шоғырланатын орындарында жаңа акция ұйымдастырды.

Акция СҚО әкімдігінің қолдауымен, прокуратурамен және Жастар ресурстық орталығымен бірлесіп өтті. Сонымен қатар, тәртіп сақшылары қаладағы зауыттар мен кәсіпорындардың қызметкерлерін, еріктілерді тартты. Іс-шара флешмобпен басталды: кибералаяқтыққа қарсы бірігу қажеттігін көрсету үшін қатысушылар қол ұстасып, «Алаяққа жол жоқ!» деген жазу жасады. Одан кейін олар облыс орталығының басты жаяу жүргіншілер көшесімен жалаулар ұстап жүріп өтті.

Петропавлдың орталық алаңында полицейлер концерт ұйымдастырып, тұрғындарға жадынамалар таратты. Онда «банк», «емхана», «полиция» немесе басқа да ұйымдар атынан қоңырау шалып, SMS арқылы келген кодтарды сұраған адамдарға сенбеу қажеттігі ескертілді. Бұл – ең кең таралған алаяқтық тәсілдердің бірі: жыл басынан бері облыста тіркелген 563 интернет-алаяқтық дерегінің 407-сі дәл осы схема бойынша жасалған.

Акцияның әсерлі қорытындысы ретінде «Алаяқтыққа жол жоқ!» деген жанған жазумен отты шоу көрсетілді. Полицейлер азаматтарды ескертулерге мұқият қарауға, әсіресе егде жастағы туыстары мен жақындарына киберқылмыскерлер қолданатын айла-тәсілдер туралы түсіндіруге шақырады. Алаяқтар адамдардың сеніміне кіріп, барлық жинақтары мен ірі несиелерін «қауіпсіз» немесе «резервтік» шоттарға аудартуға тырысады. Интернет-алаяқтыққа тек бүкіл қоғам болып бірігіп қарсы тұруға болады.