СҚО-да балаларды уақытша орналастыруға арналған жаңа орталық ашылды

СҚО-да балаларды уақытша орналастыруға арналған жаңа орталық ашылды

Петропавл қаласында Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің білім басқармасына қарасты кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы өз жұмысын бастады. Ашылу салтанатына облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, СҚО полиция департаментінің бастығы, полиция генерал-майоры Айдын Қабдұлдинов, педагогтер қатысты.

Бұған дейін орталық қала сыртында, Қызылжар ауданында орналасқан болатын. Бұл, әсіресе түнгі уақытта және демалыс күндері балаларды шұғыл орналастыру кезінде бірқатар қиындықтар туғызды. Қазіргі таңда кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы қаладағы полиция басқармасының ғимаратына жақын, Абай көшесінде, Kozybayev University оқу корпустары мен жатақханалары маңында орналасқан. Мұнда 3 пен 18 жас аралығындағы тәрбиеленушілерге арналған 30 орындық жеке бөлмелер жабдықталған. Тұруға, демалуға, бос уақытты тиімді өткізуге, сондай-ақ медициналық және психологиялық көмек көрсетуге барлық жағдай жасалған.

Жыл басынан бері Петропавл қаласының полицейлері жоғалған балалар мен жасөспірімдерді іздеуге 79 рет жұмылдырылған. Әрбір мұндай хабарлама жедел әрекет етуді талап етеді. Қалада орналасқан кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығы ювеналдық полиция қызметкерлері мен педагогтер үшін төтенше жағдайларда таптырмас көмек болып отыр.

«Орталық қиын өмірлік жағдайға тап болып, мемлекеттік қолдауды қажет ететін балаларды олардың алдағы тағдыры анықталғанға дейін уақытша орналастыруға арналған. Осы кезеңде олардың қауіпсіздігін, қамқорлықты және толыққанды дамуына қажетті жағдайды қамтамасыз ету аса маңызды», – деп атап өтті облыс әкімі.

Салтанатты шара соңында өңір басшысы орталықтың қажеттіліктері үшін пайдаланылатын жаңа автокөліктің кілтін табыстады.