
Жаңа жыл алдындағы күндері Солтүстік Қазақстан облысында орман қорының сақталуын бақылау үшін 69 мобильдік топ құрамында 218 полицей қызмет атқаруда. Олардың негізгі мақсаты — қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесу деректерінің алдын алу. Облыс жолдарында жаңа жылдық шыршаларды тасымалдайтын көлік құралдарын тексеру үшін 10 бекет қойылған, жасыл шыршалардың міндетті түрде ілеспе құжаттары болуы тиіс.
15 желтоқсаннан бастап Солтүстік Қазақстан облысының аумағында «Шырша» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде. Осы кезеңде полицейлер өз бетімен және орман шаруашылығы қызметкерлерімен бірлесіп 483 рейдтік іс-шара жүргізді. Қылқан жапырақты ағаштарды заңсыз кесу фактілері анықталған жоқ.
Қазіргі уақытта мерекелік шыршаларды сатушылар тарапынан тіркеліп отырған жалғыз құқық бұзушылық — белгіленбеген орындарда сауда жасау. Облыс бойынша «өздігінен» сауда ұйымдастырғаны үшін 41 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.