
Петропавл қ. Полиция басқармасының қызметкерлері автокөліктен ақша ұрлады деген күдікпен Тараз қаласының 33 жастағы тұрғынын ұстады.
Полицияға Жұмабаев көшесіндегі аула тұрғындарынан тоқтап тұрған Lexus маркалы жол талғамайтын көліктің бүйір жақ терезесі сынғаны туралы хабарлама келіп түскен. Келген полицейлер көліктің осы аулаға өз шаруаларымен келген қала тұрғынына тиесілі екендігін анықтады. Көлік салонынан 200 мың теңгеден астам ақша, банк карталары, құжаттар болған барсетка ұрланған.
Қалалық полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімі қызметкерлері пәтер бойы тексеріп, көрген-білген куәгерлерді іздестірді. Ауладағы көлік қоятын орын камераның шолу аймағына ілікпейді, сондықтан оқиға болған ауданға жақын жердегі камералардағы бейнежазба зерделенді. Осы аудандағы аулалардың бірінен ер адамдар шыққаны, біреуінің қолында ұқсас барсетка болғаны анықталды.
Жедел-іздестіру іс-шарасын өткізу нәтижесінде, келесі күні автокөліктерді тонап жүрген күдікті анықталып, ұсталды. Базарға жұмысқа орналасу үшін жуырда Петропавлға келген, Тараз қаласының бұрын сотталған 33 жастағы тұрғыны болып шықты. Ер адам өз таныстарымен бірге жалдамалы пәтерде болған. Тінту кезінде ұрланған барсетка, құжаттар мен ақшаның бір бөлігі алынды.
Автокөліктен ұрлау фактісі жөнінде ҚР ҚК 188-бабы 3-бөлігі «Ұрлық» бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, күдікті Петропавл қ. ПБ уақытша қамауда ұстау изоляторына қамалды. Оның осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бары тексерілуде. Полицейлер облыс тұрғындарына автокөлік салонында ақша мен құнды заттарды қалдырмауға, көлікті камераның шолу аймағына қоюға, ал ұрлық орын алған жағдайда «102» нөмірі бойынша шұғыл полицияға жүгінуге кеңес береді.