
Интеллектуалды бейне бақылау жүйелері полиция жұмысына септігін тигізеді.
Петропавлда аталған жүйелермен 7 қиылыс жабдықталған. Астана – Интернациональная, Н. Назарбаев – Абай, Ж.Жабаев – Интернациональный көшелерінің қиылысында «Интегра» бейне бақылау жүйесі жұмыс істейді. Әрқайсы бағдаршамның тыйым салынған түсіне өтіп кету және тоқтау сызығынан шығу сияқты бұзушылықтарды тіркейтін 9 камерадан тұрады. Ғ. Мүсірепов – Ж. Жабаев, Н. Назарбаев – Интернациональный, Ж. Жабаев – Партизан, К. Сүтішев – М. Жұмабаев көшелерінің қиылысында орнатылған «Мираж» жүйесінің 4 камерасы бағдаршамның белгілеріне қатысты ережелердің сақталуын бақылайды, бұдан бөлек жылдамдығын сағатына 60 км асыратын көліктердің нөмірлерін тіркейді. Ақпарат компьютермен өңделіп, оператор тексергеннен кейін жүйе автоматты түрде хаттама ресімдейді. Өткен жылдың желтоқсан айында Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімінің ақпараттық жүйесі түрлі мемлекеттік органдардың деректер базаларымен біріктірілгеннен кейін «ақылды» камералар шетелдік нөмірлерді де анықтай бастады.
«Жүргізушілердің тәртібін арттыруда интеллектуалды бейне бақылау жүйелері маңызды рөл атқарады, - деді СҚО Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Қанат Айтбаев. – Осындай қиылыстарда жүргізушілер жол қозғалысы ережелерін қатаң ұстануға тырысатыны бұрыннан белгілі. Дей тұрғанымен, көбі асығыстық жасайды. Жылдамдықтың шамалы артуы бақылау-өлшеу құрылғыларының назарында, бағдаршам алдында бір секунд бұрын орнынан жүріп кету де тіркейді. Жүргізушілер ЖҚЕ «аздап» бұзуға болмайтыны туралы естерінде сақтауы тиіс, оларды толық көлемде сақтау қажет. Бұл жолдағы қауіпсіздіктің басты кепілі».
Жыл басынан Петропавлда «интеллектуалды бейне жүйелер» арқылы жылдамдық режимін бұзудың 596 бұзушылығы тіркелді.