СҚО Жамбыл ауданында елікті заңсыз аулады деген күдікпен Явленка тұрғыны ұсталды

СҚО Жамбыл ауданында елікті заңсыз аулады деген күдікпен Явленка тұрғыны ұсталды

СҚО Полиция департаменті Жамбыл ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері сібір елігін заңсыз атты деген күдікпен Есіл ауданының тұрғынына қатысты сотқа дейінгі тергеу жүргізуде.

15 қазан күні сағат 01.37-де Жамбыл ауданы полиция бөлімінің кезекші бөліміне Солтүстік Қазақстан облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы бөлімінің басшысы Қуантай Сәлімовтен Суаткөл ауылының маңындағы орманда аудан орталығы Пресновкадан 60 км жерде ВАЗ-2104 автокөлігі тоқтатылып, ішінде үш ер адамның болғаны және көлікте елік еті мен аңшы мылтығының анықталғаны туралы хабарлама келіп түскен.

Аудандық полиция бөлімінің келіп жеткен жедел-тергеу тобы қызметкерлері оқиға орнын қарау кезінде көліктің жүксалғышынан мүшеленбеген еліктің етін және пышақты тәркіледі. Сондай-ақ оқиға орнынан екі патроны бар тіркелмеген ТОЗ-63 маркалы аңшы мылтығы алынды.

Жамбыл ауданы полиция бөлімінің бастығы полиция полковнигі Асан Мейрамовтың айтуынша, мән-жайды анықтау барысында сол түні Явленка ауылының 40 жасар тұрғыны екі танысымен Тимирязев ауданының бір ауылына шаруаларымен шыққан. Жамбыл ауданының шекарасында ауыл аралық жолда елікті байқап, атқан. Сол түні жақын маңда кезекті рейдті облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы қызметкерлері жүргізген және браконьерлік жасауда күдіктіні жедел-тергеу тобының келуіне дейін ұстаған.

Аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне ҚР ҚК 337-бабы «Заңсыз аңшылық» бойынша енгізілді. Ұсталғанға қатысты келуге міндеттеу бұлтартпау шарасы белгіленді. Қару мен еліктің еті сараптамаға жіберілді, нәтижелері бойынша процессуалдық шешім қабылданатын болады.