
Солтүстік Қазақстан облысында полицейлер алдын алу жұмысының жаңа форматын енгізді. Облыстық полиция департаменті жанындағы есірткі қылмыстарының алдын алу кеңесінің мүшелерімен бірге олар ата-аналар комитеттерінің төрағаларымен кездесті.
Қазіргі есірткі нарығы жастар мен жасөспірімдерді өз схемаларына тартуға барған сайын белсенді әрекет етуде. Полицейлердің мәліметінше, жыл басынан бері үш жасөспірім есірткі құқықбұзушылықтары үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған, тағы бес солтүстікқазақстандық жасөспірім наркологиялық есепте тұр.
Кездесуге психолог мамандар қатысты. Олар есірткі қолданудың зиянды, қайтымсыз салдары туралы айтты. Бұл мәлімет бейнекөріністермен, нашақорлардың ашық мойындауларымен толықтырылып, ата-аналардың мәселенің маңызын терең түсінуіне ықпал етті.
Полицейлер қатысушылардан алған ақпаратты ата-аналар чаттарында таратып, кәмелетке толмағандарды есірткі саудасына тарту жолдары, психотроптық заттардың қаупі туралы хабардар етуін сұрады. Сондай-ақ, жасөспірімдердің мінез-құлқындағы күрт өзгерістерді назардан тыс қалдырмай, мамандарға дер кезінде жүгіну жөнінде кеңес берілді.
Қоғаммен кең ауқымды өзара іс-қимыл, ашықтық пен қолжетімділік — «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асыру аясында қазақстандық полиция жұмысының басты басымдықтарының бірі.