«Біз өмірді таңдаймыз»: СҚО-да полицейлер мен студенттер жол қозғалысына қатысушыларға үн қатты

«Біз өмірді таңдаймыз»: СҚО-да полицейлер мен студенттер жол қозғалысына қатысушыларға үн қатты

Солтүстік Қазақстан облысында өткен Жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығының басты назарында – балалар мен жасөспірімдердің қауіпсіздігі. Апта аясында тәртіп сақшылары әртүрлі форматтағы алдын алу іс-шараларын ұйымдастырды. Негізгі аудитория – балабақша тәрбиеленушілері, мектеп оқушылары мен Петропавл және аудан колледждерінің студенттері.

Жыл басынан бері облыс жолдарында болған 114 жол-көлік оқиғасы салдарынан екі бала қаза тауып, 131 бала жарақат алған. Олардың жартысына жуығы – жолаушылар, 36 жағдайда – жаяу жүргіншілер. Полицейлер балаларға жол қозғалысының негізгі ережелерін түсіндіріп, бейнероликтер көрсетті. Балабақша тәрбиеленушілері үшін жас жол инспекторларының үгіттік қойылымдары ұйымдастырылды. Іс-шараларға жалпы 400-ден астам бала мен жасөспірім қатысты.

Аптаның шарықтау шегі – Жастар ресурстық орталығы мен жедел медициналық жәрдем қызметкерлерінің қолдауымен өткен «Біз өмірді таңдаймыз» флешмобы болды. Колледж студенттері Петропавлдың орталық алаңында шамдарын жағып, «Өмір» деген сөзді жазып шықты. Осылайша олар жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге өмірдің әр секундтан қымбат екенін еске салып, жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырды. «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын жүзеге асыру шеңберінде жол-көлік оқиғаларының алдын алу жұмыстары тұрақты түрде жалғасады.