
Кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындарын мал ұрлығынан, ал тұтынушыларды сапасыз ет өнімдерінен қорғау — 17 қарашада Солтүстік Қазақстан облысында басталған «Мал ұрысы» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасының негізгі мақсаты.
Саптық дайындық барысында криминалдық полиция бөлімшелеріне нұсқаулық берілді. Іс-шара аясында мал соятын орындар мен ет өнімдерін сататын нүктелерге бақылауды күшейту тапсырылды. Жұмыс ветеринариялық қызмет мамандарымен бірлесіп жүргізілуде.
Іс-шара «Заң және Тәртіп» тұжырымдамасын іске асыру аясында қылмыстардың жолын кесу, ашу және олардың алдын алу бойынша кешенді шараларды көздейді. Әсіресе малдың қараусыз жайылуының алдын алу бағытында профилактикалық жұмыс күшейтілді. Полицейлердің айтуынша, қадағалаусыз жүрген мал қаскөйлер үшін оңай олжаға айналады.
Тәртіп сақшылары жедел уәкілдер, учаскелік инспекторлар және патрульдік полиция қызметкерлері қатарынан мобильді топтар құруда. Негізгі назар – ұрланған малды өткізуі мүмкін логистикалық тізбектерді бақылауға аударылған. Сонымен қатар СҚО аудандарында Ресей Федерациясының шекара маңындағы өңірлерімен өзара іс-қимыл күшейтіліп, мал мен ет өнімдерінің Мемлекеттік шекара арқылы заңсыз тасымалдануының жолын кесу шаралары қабылдануда.
«Мал ұрысы» жедел-профилактикалық іс-шарасы 19 қарашада аяқталады.