Солтүстікқазақстандықтар СҚО ПД патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің адал қызметі үшін ризашылықтарын білдірді.

Солтүстікқазақстандықтар СҚО ПД патрульдік полиция батальоны қызметкерлерінің адал қызметі үшін ризашылықтарын білдірді.

12 қазан күні полиция аға лейтенанты Алмас Қазбекенов пен полиция лейтенанты Дмитрий Белоусов Петропавл-Нұр-Сұлтан тас жолында жұмыстарын жүргізіп келе жатып, жолдың жиегінде тұрған 6 жасар баланы байқайды. Ол Бәйтерек аулындағы үйдің ауласынан шығып кетіп, жолға түсіп 10 шақырымдай жүріп қалған. Полицейлер баланы сөзге тартып, Бескөл ауылында тұратын әжесіне апарып салған. Ата-анасы ұлын өздері іздеген, бала табылды деген хабарды естігенге дейін полицияға хабарласып үлгермеген.

Оның анасы Солтүстік Қазақстан облысы ПД бастығы полиция полковнигі Марат Төлебаевтың атына ризашылығын білдіріп, хат жазыпты. «Мен отбасымның атынан Сіздің қызметкерлеріңіздің қырағылығы үшін Сізге зор ризашылығымды білдіргім келеді. Олар Қазақстан Республикасының барлық құқық қорғау жүйесінің имиджін арттырады. Осындай қызметкерлер халықтың құрметіне лайықты», - деп жазыпты.

Тағы бір алғысты Петропавлға ВАЗ-21112 автокөлігімен кетіп бара жатқан Явленка аудан орталығының тұрғыны әлеуметтік желілерде білдіріпті. Ол жолда: «Граната» бөлініп қалды. Ешкімді тоқтата алмадым. Инспекторлар тоқтап, трос тауып, ауданға апарып салды... Жігіттер, жарайсыңдар!» деп, видео жазып, әлеуметтік желілерге салған. Видеоға пікірлер жазылып, желі қолданушылары ұқсас оқиғаларымен бөліскен: «Бізге Булаево-Петропавл жолында көмектесті. Сүйреп жеткізіп, басқаларға тапсырды. Жарайсыңдар...».

Солтүстік Қазақстан облысы ПД ППБ командирі полиция подполковнигі Ерлан Мәдиевтің айтуынша, қиын жағдайға тап болған адамдарға көмектесу - полицияның кәсіби міндеті. «Соған қарамастан, жақсы атқарған жұмыс үшін алғыс алу қызметті одан әрі атқару кезінде моральдық жағынан баға жетпес ынталандыру болып табылады. Біздің мақсатымыз - жолдарда қауіпсіздікті қамтамасыз ету, солтүстікқазақстандық полицейлердің кәсібилігін халықтың жоғары бағалайтынын білу біз үшін қуаныш».