Петропавл жүргізушілері зағип жаяу жүргіншілерге жолда басымдық беру туралы ескертілді

Петропавл жүргізушілері зағип жаяу жүргіншілерге жолда басымдық беру туралы ескертілді

Петропавлда «Зағип жаяу жүргінші» акциясы аясында эксперимент жүргізілді. Зағип жаяу жүргіншілердің жолдағы басымдықтары туралы жүргізушілердің білімін тексеру үшін ақ түсті таяқ пайдаланылды. «Ақ таяқ» айлығының аясында ұйымдастырылған акцияға «Қазақ зағиптар қоғамы» қоғамдық бірлестігінің облыстық филиалының өкілдері бастамашылық етті. «Жол қозғалысы ережелерімен зағип жаяу жүргіншілерге басымдықтар көзделген. ЖЖЕ 14.5-тармағына сәйкес жүргізушілер ақ таяқпен белгі берген зағип жандарды жаяу жүргіншілер жолағынан да тыс өткізулері тиіс», - деді филиал төрағасы Айнагүл Ташенова.

Эксперимент көрсеткендей, жүргізушілердің көбі ЖЖЕ-дегі аталған тармақ туралы біле бермейді. Уәлиханов көшесінің бойында қолындағы таяқтың көмегімен жолды кесіп өтпекші болған қызды ешкім өткізбеген. Кейбір жүргізушілер өздерінің ашулы пікірлерін де білдірген. Жақын маңдағы патрульдік полиция қызметкерлері жүргізушілерді тоқтатты және зағип жаяу жүргіншілердің жолдағы құқықтарын түсіндіріп, брошюралар таратты. Жүргізушілерге әкімшілік ықпалы бар шара қолданылмаса да, полицейлер зағип жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігіне алаңдауда. Арнайы бағдаршамдар барлық қиылыстарда орнатылмаған.

«ЖЖЕ аталған тармағын бұзған жағдайда, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 600-бабы бойынша жауапкершілік көзделген. Жаяу жүргіншілерге басымдық бермегені үшін 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады», - деді СҚО Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының орынбасары Александр Розбах.