Петропавл полицейлері мектеп оқушысын тауып, үйіне қайтарды

Петропавл полицейлері мектеп оқушысын тауып, үйіне қайтарды

Петропавл полицейлері бірнеше сағат бойы жүрген жері белгісіз болған 8 жастағы қызды тауып алды. «102» арнасына облыс орталығының тұрғыны хабарласып, қызының жоғалғаны жайлы айтқан. Таңертең сағат 10 шамасында дүкенге кетіп, үйіне оралмаған. Әбігерге түскен ата-ана баласын өздері іздеуге тырысқан. Алайда 4 сағат өткен соң полицияның көмегіне жүгінген. Жедел кезекші шұғыл жедел уәкілдердің, учаскелік полиция инспекторларының, ювеналдық полиция қызметкерлерінің жеке құрамын көтерген. Бағдар барлық аумақтық бөліністерге жіберілді. Полицейлер аулаларды, саябақтарды тексеруге кірісті.

Қыз іздеуге екі сағатқа жуық уақыт кетті. Гашек көшесіндегі аулаға жақын маңдағы Жеңіс саябағынан мектеп оқушысын учаскелік инспектор Оңалбек Әбдікәрімов пен кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі инспектор Нариман Тәшімов байқаған. Аделина онда екі қыз баламен ойнап жүрген болатын. Қазіргі уақытта қыз бала үйіне аман-есен қайтарылды. Көз жас үйіріліп қуанған ана полицейлерге алғысын білдірді.