Учаскелік полиция инспекторының өнімді жұмыс істеуіне жағдай жасау қажеттігі туралы Мемлекет басшысы Қазақстан халқына арнаған Жолдауында атап өткен болатын және учаскелік инспектор «азаматтар алдында танымал, қолжетімді əрі беделді болуға, солардың құқықтарын қорғауға тиіс» деген еді. Дәл осы сипатта ауыл тұрғындары Тайынша ауданы Абай ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы полиция капитаны Руслан Бекболатовты таниды. Адамдардың сыйластығы, саналылығы оған қызмет көрсететін әкімшілік учаскеде құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге көмектеседі. «Астық-STEM» ауыл шаруашылық кәсіпорны басшылығының да қолдауы ерекше. 2016 жылы 4 елді мекеннен тұратын ауылдық округте тәртіпті нығайту мақсатында, кәсіпорын қызметтік көлік берген еді. Жаңа Ниваның арқасында полицей қызметтік мәселелерді шешу үшін ауыл арасында жылдам қатынай алады. Ал осы жылы Қазақстан полициясы күні қарсаңында аграрийлер Руслан Бекболатовқа және отбасына Қараағаш ауылында арнайы салынған қызметтік үйді табыстады. Руслан Бауыржанұлы төрт баланы тәрбиелеп отыр. Жұбайы Гүлзат қазақ тілінің мұғалімі.
Абай ауылдық округінде халық саны 1400 адамнан асады. Қараағаш, Калиновка, Константиновка және Тапшыл ауылдарындағы жағдай тұрақты. «Адамдар мейірімді, қайырымды. Күрделі сұрақтарды шешетін ақсақалдар кеңесі де жұмыс істейді. Олардың кеңестері адамдарға түзу жолға тұруға, қиын жағдайдан шығуға көмектеседі», - деді Руслан Бекболатов.
Ағымдағы жылы округте үш ұрлық жасалған екен, барлығы ашылып, ұрланған мүлік иелеріне қайтарылған. Маскүнемдікпен күрес - учаскелік инспектордың басты назарында. Аталған округте 7 маскүнем есепке қойылған, біреуі мәжбүрлеп емделуге жіберілген. Жылдың жылы мезгілдерінде ауылдық полицейлердің жұмысы арта түседі, бос жүрген малды бақылап, егін егу және астық жинау науқаны кезінде рейдтік іс-шараларды күшейтеді. Ауылдарда орнатылған бейне камералар полицейлердің жұмысына септігін тигізеді. Белсенді профилактикалық жұмыс криминалдық оқиғаларды болдырмауға ықпал етсе, учаскелік полиция инспекторының өнімді жұмыс істеуіне – жағдай жасау маңызды. Тұрғындардың және ЖШС басшылығының қолдауы тиімді жұмыс істеуге ынталандырады.
