
Солтүстік Қазақстан облысының екі ауданында сібір еліктерін заңсыз аулаудың бірден екі фактісі анықталды.
Мамлют ауданы полиция бөліміне Есіл ауданындағы аңшылық шаруашылығы қызметкерлерінен екі ауданның шекарасында Новое ауылының маңында елікті заңсыз аулау фактісін анықтағандары туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына учаскелік полиция инспекторы, аудандық полиция бөлімінің басшылығы, сондай-ақ СҚО Полиция департаменті табиғатты қорғау полициясы қызметкерлері барды. Нәтижесінде аңшылық шаруашылықтың қызметкерлері және полицейлер Audi 100 автокөлігін тоқтатқан, көлікте 1976, 1980 және 1993 жылы туған Мамлют ауданының үш тұрғыны болған. Audi салонында тіркелмеген екі ұңғылы 12 калибрлі ИЖ-58 аңшы мылтығы және қоңыр түсті іздермен төсеніш анықталды. Бірнеше метр жерден атылған сібір елігі табылды. Қазіргі уақытта аталған факті бойынша ҚР ҚК 337-бабы 1-бөлігі «Заңсыз аңшылық» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Заңсыз аңшылық жасауда күдіктілер келу туралы міндеттемемен босатылды. Бірнеше сараптама тағайындалды, нәтижелері бойынша түпкілікті процессуалдық шешім қабылданды.
Сібір елігін заңсыз аулаудың тағы бір фактісі Шал ақын ауданында анықталды. Жануарлар әлемінің аумақтық инспекциясы қызметкерлерінен Алқаағаш ауылынан шамамен 8 км жерде сібір елігінің атылғаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына полиция қызметкерлері барған. Нәтижесінде 1977, 1991 және 1993 жылғы Алқаағаш ауылының үш тұрғыны ұсталды. Оқиға орнынан еліктің еті, 12 калибрлі екі гильза, сондай-ақ ВАЗ 2106 автокөлігі алынды. Алынған елік еті сараптамаға жіберілді. Аталған факті ҚР ҚК 337-бабы 1-бөлігі «Заңсыз аңшылық» бойынша Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Ұсталғандарға қатысты келу туралы міндеттеме бұлтартпау шарасы тағайындалды, тергеу жүргізілуде.
Жыл басынан СҚО полицейлері заңсыз аңшылық бойынша 17 қылмыстық іс қозғады. Күзгі аңшылық маусымының басталуына байланысты экологиялық қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын алу және анықтау бойынша рейдтер жандандырылды.