
Екі аудан орталығындағы алты блокбекетте солтүстікқазақстандық полиция кезекшілік етуде. Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы және қауіпсіздігін бақылау мамандарымен, медицина қызметкерлері және әкімдіктердің өкілдерімен бірлесе, тәртіп сақшылары қауіпті індеттің таралуына жол бермеу бойынша қызмет атқаруда. Мағжан Жұмабаев ауданының Булаево қаласында 9 қазаннан бастап блокбекет қойылды. Қазір аудан орталығына кіруді бірден 4 блокбекет бақылайды. Мамлют ауданының Мамлютка қаласында 2 блокбекет жұмыс істейді. Олар 12 қазан сағат 00:00-ден жұмысын бастады. Сонымен қатар полицейлер Есіл ауданының әкімшілік орталығы – Явленка селосын патрульдеуді күшейтті. Полицейлер ауыл тұрғындарына карантиндік шаралар: бетперделерді дұрыс тағу мен арақашықтықты сақтау туралы ескерте отыра, көшелердегі қоғамдық тәртіпті қадағалауда.
СҚО ПД бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі Қанат Айтбаевтың айтуынша, шілде айының ортасынан бастап облыс бойынша ҚР ӘҚБтК «Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу» 425-бабы бойынша 1547 бұзушылық анықталған. Петропавл қаласы аумағында осы бапты бұзудың 745 фактісі анықталған.